4.07.2017, 12:01
Қараулар: 385
Өрттен қорға орманды

Өрттен қорға орманды

Жыл мезгілдері ауысып өрт қаупі мол маусым да келіп жетті. Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде өрттің алдын алу мақсатында көктемнен бастап жұмыстар жүргізілуде. Орман өрт станциясы сарбаздары техника мен өрт сөндіру құралдарын түгендеп, сақадай сай тұр. Мекемеде демалыс күндерінде де өртке қарсы топтың жауапты қызметкерлерінен кезекшілік ұйымдастырылуда.

Өрттің алдын алудың бірден-бір шарасы үгіт-насихат жұмыстары. Сондықтан орманшылар мемлекеттік орман қорына жақын орналасқан шаруа қожалықтарына барып, ормандағы өрт қауіпсіздігі ережесімен таныстырып, ескерту парақшаларын да таратты. Бұл ережелерді сақтау қиын емес. Деседе, кеселдің басым бөлігі адамдардың отты абайсыз пайдалануы және демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан туындайды. Кейде ас пісіру, түрлі шыбын-шіркейді қуу үшін, тіпті ойнап жағылған оттан да қызыл жалын лапылдап, күш бермей жатады. Темекі шегушілердің сөндірілмеген сіріңкесі мен темекі тұқылынан түскен оттан шығатын өрттер де аз емес.

Орманда және оған таяу орындарда өртті байқағанда басты міндет оның өршіп, тарауына жол бермеу. Сол себепті, отты мұқият өшіріп, айналасында ұшқындарының қалып қоймауын жіті қадағалау. Егер ормандағы өртті өздеріңіз сөндіруге мүмкіншілік болмаса, ол туралы өртке қарсы қызмет бөлімшелеріне, орман күзетіне, жергілікті басқару органдарына хабар беріп, адамдар мен мүлікті құтқару және өртті жоймақ ниетте барлық жағдайды жасау қажет. Орман ішіндегі өртті сөндіру кезінде кең таратылған әдіс – өрт алаңының шетіндегі отты жерге асып сөндіру болып табылады. Мұндайда жасыл ағаш бұтағы да пайдаланылады. Өрт қауіпсіздігінің ережесін бұзғандары үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сай айыппұл салынатыны қаперіңізде болсын. Бастысы орманға барған кезде болар болмас оттан орман өртінің туындау қаупі жоғары екенін есте ұстау.

Құрметті жерлестер, орманда тәртіпті болу әрі табиғатты қорғау әр адамның міндеті. Біздің орман – бабалар мұрасы, туған топырағымыздың байлығы.

Аққаным САПАШЕВА,

Орда орман және жануарлар дүниесін

 қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме

директорының орынбасары.

Табиғат – тал бесік

Басқа да мақалалар