Қолы епсекті азамат

Ауыл-аймақтың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосып, қажырлы еңбек,  өнегелі ісімен танылған Тұрарбек Мырзағалиев Ұялы ауылында 1969 жылы дүние есігін ашқан. Өзінің туған жері мен М.Бегалиева атындағы орта мектепте онжылдық білім алды. 1986 жылы Бөрлі ауыл шаруашылық училищесінде оқып, механизатор мамандығын иеленген. Ол 1988 жылы әскери міндетін өтей жүріп,  дәнекерлеуші кәсібін қоса меңгереді. 1991 жылы туған жеріне оралып, Т.Масин атындағы ауылда тракторшы әрі  дәнекерлеуші жұмысын атқарады.

Әрине, механизатор жылдың төрт мезгілінде тынымсыз еңбек етуі тиіс. Тұрарбек сол үрдістен жаңылмады. Яғни, істен шыққан техниканы жөндеп, науқандық жұмыстарға сақадай сай ету үшін  күш-жігерін сарп етті. 2001 жылы «Парасат» шаруа қожалығында шөп шабу, мал азығын дайындау науқанында қажырлы еңбектің ізі қалды. Көршілес Құрманғазы, Ұялы, Бисен ауылдарында халықтың өтінішімен жылу қондырғысын орнатуға да үлесін қосты. Бүгінде еңбекқор азамат шаруа қожалықтарындағы ауыл шаруашылық техникаларын жөндеу, дәнекерлеу жұмыстарында тиянақты ісімен көрінуде. Мақтау қағазы мен арнайы сый-сияпатқа ие болуы соның бір куәсі.

Сонымен бірге мал өсірумен айналысып, құрылыс саласында да өз қолтаңбасының болуы жұмысынан ләззат алатындығының бір көрінісі. Жолдасы Фарида Зұлқашева да кішіпейіл, ақжарқын, еңбекқор жан. Әрдайым той-топыр, садақа кезінде жасы ұлғайған ата-әжелердің үйлеріне барып, жәрдемін тигізіп жүргенін жиі көреміз. Ол «Энерго-ресурсы» акционерлік қоғамының Бөрлі ауылындағы қазынашысы.  Қыздары Анар Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алуда. Мемлекеттік грант иегері. Ұлдары Ізімбек 6-сынып оқушысы. Осынау тәлімді тәрбиесімен көрінген қарапайым еңбек адамдарына  ел алғысына бөленіп, аман-сау жүре беріңіз деген әкелік тілек айтамын.

 

Есенболат ХАМИДОЛЛАҰЛЫ.

Бөрлі ауылы.

Суретте (солдан оңға қарай): Төкеннің ұлы Ізімбек, қызы Анар мен

оның кіндік шешесі Әлия Қадешева және Тұрарбек пен Фарида.