11.07.2017, 22:04
Қараулар: 403
Сот беделі – биліктің абыройы

Сот беделі – биліктің абыройы

Әділ қазылық ету – әр судьяның парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай біліп, жатқа айту жеткіліксіз. Іс бойынша шешім қабылдағанда адал, әділ болып, жігерлілік, батылдық, табандылық көрсете білу керек. Бұл туралы Астанада өткен  Қазақстан Судьялары одағының кезектен тыс VII съезінде кеңінен сөз болып, судьялардың кәсіби және моральдық бейнесіне деген қоғам талабының артуына орай судьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданды. Бұл бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 19 қадамын жүзеге асыру үшін қолға алынған істің бірі. Мұны тәуелсіздік берген асқаралы сый деп есептеуге болады.

Қазы – халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Сол сәтте айыпкер, бұзақы, жауапкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді. Біз Мәңгілік ел боламыз деп, кемел келешегі бар мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел әрі толық орындалуы – кез келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс немесе құрылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру шарт. Судьялар одағы бастамашылық жасаған жаңа Әдеп кодексі мемлекет атынан сөйлейтін судьялардың біліктілік қасиетін ғана емес, кісілік келбетін, адамгершілік, моральдық бейнесін нығайтуға ықпал етпек. Өйткені, бұл Кодекстің бір ерекшелігі – онда судьяларға Президент, халық тарапынан қойылған талаптардың барлығы ескерілген. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» демекші, республика судьяларының талқылауынан өтіп, талай ой-пікірді топтастырған бұл құжаттың сенімнен шығары күмән туғызбайды.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күндерден бастап, құқықтық жүйенің кәсіби әрі адал қызметін жолға қоюда аз жұмыс істелінген жоқ. Ең бастысы, соттар мен судьялар қағаз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі тәуелсіздікке қол жеткізді. Соттардың тәуелсіздігіне біздің Конституциямыз да кепіл. Судьяның заң алдында да, заңға сүйене отырып шешім қабылдаған уақытта да қатаң бақылауда болатындығын, кешірімсіз ерекше жауапқа тартылатындығын ескере келе, Әдеп кодексі мен Судьялардың әдебі жөніндегі комиссия судьяның міндеттерін және тәртіптік жауапкершілігін айқындап, жауапқа тартумен шектелмей, оның бұзылған құқықтарын қорғау және қалпына келтіру мәселелерін де ойдағыдай реттейді. Осы орайда сот беделі бүкіл биліктің абыройы екендігін ескеру, ол адамдар әділдік іздеп баратын ең соңғы саты екендігін ұмытпаған абзал.

Марат ШЫНҒАЛИЕВ,

                          аудандық соттың судьясы. 

100 нақты қадам

Басқа да мақалалар