Уәделер орындалып, жоспарлар жүзеге асса…

Бұрынғы бөлімше ізіндегі елді мекендер тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын біліп, талап-тілектерінің орындалуы жолында жұмыстану – аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың жеке бастамасымен дәстүрге айналған іс. Әр сапарында аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов пен сала басшыларын, ал, кейде тілшілерді ерте шығады. Ол кісімен бірге Бисен, Орда ауылдық округтерін аралап келгенімізге де екі апта болып қалды. Ортаға түрлі шаралардың килігуі Кеңой (Ұялы ауылдық округі), Бескөл (Саралжын), Макар (Орда) ауылдарына баруды кейінге шегертіп тастады. Сондықтан бәрін бір қосып, елді мекендердің мәселелерін бір түйіндерміз деген ойымызды өзгертіп, екі округтен көрген-баққанымызды оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

*    *   *

Бисен. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, шалғай мекендер тұрғындарының да сөздері алдыңғы жылдарға қарағанда недәуір өзгеріпті. Мысалы, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша әр үйге су желісі жеткізілген жиекқұмдықтар тартылып жатқан табиғи газ құбырын асыға күтіп, үй құжаттарын, ішкі жұмыстарын реттеу, қондырғыларды алу қамына кірісе бастапты. Шаруа қожалығы иесі Тұрарбек Қуанғалиев бұл арадан тоғыз шақырым жердегі қыстағына көгілдір отынды апару жайын сұраса, Нұрбол Жантасов жылыжай салып, көкөніс өсірумен айналысқысы келетінін білдірді. Ауылға электр жүйесі өз алдына, табиғи газ, ауыз су келіп, бар мүмкіндік жасалып жатса, неге бір кәсіпті қолға алып, бизнеспен шұғылданбасқа?! Қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзетін жігіттердің үлкендердің зейнетақысы мен балалардың жәрдемақыларына ортақтаспай, бел шешіп іске кіріскендері жөн-ау! Ниеттенгендерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек, бағдарламалар жөнінде, аудан әкімі де, хатшы да, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Жанғуат Еркеғалиев те тәптіштеп түсіндіріп, жалпы ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік тұрмыс жайымен таныстырды. Азамат Жұмағалиев, Мәрзия Сәрсенова, Сансызбай Каримовтердің сұрақтарына жауап қайтарды.

Істеліп жатқан табиғи газ, ауыз су тарту жұмысын көзбен көріп отырғандықтан шығар, кезінде «Бисен» кеңшарының Жамбыл бөлімшесі болған жетібайлықтардың да көңілдері тоқ. Отбасымен алдарындағы малдарын өсіріп, өз күндерін өздері көріп жүрген жандар болашақта клуб салынса деген ұсыныстарына қоса, елді мекеннің «Жетібай» атты ескі атауын ресми түрде қайтару, яғни, заңдастыру жайын қозғады. Ауылнай, шаруа қожалығы жетекшісі Бисен Ижанов бастауыш мектептің жиһаздарын жаңарту жөнінде құлаққағыс жасады.

Биыл күрделі жөндеуден өткелі тұрған Көктерек (ауылнайы Сағындық Сәрсенов) клубына жиналғандардың дені нәзік жандылар болғанмен, ауылдың тыныс-тіршілігін кеңінен әңгімеледі. Мал дәрігерлік шаралардың атқарылуынан бастап, шегірткеге қарсы улау ісіне көңілдері толмайтындарын жасырмады.

«Ауылдасымыз Қадырбай Айтасов шегіртке туралы ерте дабыл көтеріп, ауданға хабарлағанымен, тиісті орындар баяу қимылдады. Жылда қан алынып, ауру мал тапсырылып жатқанымен, сарып ауруы да тыйылмауда. Неге?»-деген олар нодулярлық дерматитке қарсы егілген ірі қараның қайсыбірі ауырып тұрғанына алаңдаушылық білдірді. Сөз орайы келген соң айта кетелік, егілген малдың арасынан мұндай құбылыстың болуы табиғи жәйт екенін аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Нұрқайыр Құсайыновтан білдік. Бізге ол сол тұста өлім-жітімге ұшыраған малдардан (Жиекқұм, Бөрлі ауылдарынан) жұқпалы аурудың белгілері анықталмағанын, өз пайымдаулары бойынша шөптен, судан уланғанын, ал, қорытынды диагнозды облыстық сараптама орталығы қоятынын мәлімдеді.

*   *   *

Орда. Аудан әкімі бастаған топ Орда округін аралауды Сейітқалидан бастады. Нұрлан Сағынтайұлы, Ерболат Қабденұлы, Жанғуат Жұмарыстанұлы әдеттегідей еліміздегі елеулі оқиғалар, өңірімізде қолға алынып жатқан шаралар, экономикалық, рухани жаңару хақында келелі сөз қозғап, жиналғандарды әңгімеге тартты. Сейітқалилықтар да қоғамдық құбылыстардан хабардар екендіктерін аңғартты. Ер азаматтардың көбі мал азығын дайындау қамымен шабындықта жүрген көрінеді. Бұрын сынға ілінген медпункттің жұмысы түзеле бастаған сыңайлы. Және бір жаңалық – дүкен ашылыпты. Енді клуб мәселесі шешілсе дейді тұрғындар. Күзге салым табиғи газдың да ауылдарына келетініне үміт артып отырған олар бірнеше жылдан бері ұялы байланысқа қолдары жетпей жүргендеріне налыды. «Телемұнарамыздың да іргетасының бір бұрышы опырылып, құлау қаупінде тұр. Бір күні сылқ ете түссе, көріп отырған жалғыз телебағдарламамыздан айыратыны өз алдына, бала-шағаны басып, немесе іргесіндегі ғимаратты қирата ма деп қорқамыз»,-деді бастауыш мектеп меңгерушісі Бибігүл Қуанғалиева.

Үштеректегі (ауылнай Мыңжасар Темірболатов) кездесу де көп ұзаққа созылмады. Қонақтар ретімен сөйлеп, сапарларының мақсатын, елдің жай-күйін баяндағаннан соң тұрғындар да көкейіндегі ойларын ортаға салды. Зұлфат Байділдина ақаулы электротрансформаторларының жөнделуі ұзаққа созылып, қыстақтағы 4 отбасының көптен электр жарығынсыз отырғанын айтса, ІІ топ мүгедегі Нығметқали Еркеғалиев МӘМС бойынша үштеректіктерге Хан ордасынан гөрі Бисен ауылдық амбулаториясына тіркелгені тиімді екенін айтты. Манарбек Әбуғалиев ауыл іргесіндегі тұрғындардың көгілдір отынды үйлеріне тарттыра алмай отырғанын қозғаса, Қуан Тоқсанов елді мекеннің атауын осындағы зиратта мүрдесі жатқан Шөкі бидің (Жәңгір ханның 12 биінің бірі) есіміне, яғни, «Шөкі ауылы» деп өзгертуді ұсынды.

Қарасудағы (ауылнайы Ғани Оразгелдиев) кездесу ұзаққа созылғанымен, көп жайлар табан орнында шешілуімен ерекшеленді. 2010 жылы бұл мекенге алғаш табиғи газ құбырын жеткізген мердігерлік ұйымның учаскелік мастері Тұрарбек Төлешев бірнеше отбасынан ақша жинап алғанымен, әне-мінемен уәдесін орындамай кетіпті. Аудан әкімі жиналыс үстінде ұялы телефон арқылы сөйлескенде ол жиналған қаржының газ трубаларын төсеуге салынғанын көлденең тартып, жауапкершіліктен жалтармаққа ниеттенген-ді. Нұрлан Сағынтайұлы қарасулықтардың талабының орынды екенін, Тұрарбектің олардың үйлеріне газ желісін жеткізіп, не ақшаларын қайтаруы қажеттігін, әйтпесе, олар сот арқылы өсімімен өндіріп ала алатындықтарын байыппен ұғындырды. Т.Төлешев осы жайды бірінші қыркүйекке дейін шешуге уәде етті. Енді бұл азамат жиналған көпшілік алдында аудан әкіміне берген сөзіне тұрар деп сенеміз.

Иә, уәделер уақтылы орындалып, жоспарлар тақайырсыз жүзеге асып жатса, түйткілді мәселелер де азая түсер еді.

Каримолла ҒАЙСИН.