18.07.2017, 10:22
Қараулар: 1245
Сыныққа сылтау іздемей…

Сыныққа сылтау іздемей…

а-531

Аудан әкімдігі жанынан арнайы құрылған комиссия (төрайымы – аудан әкімінің орынбасары Л.Қайырғалиева) мекемелердегі мүгедектердің кіріп-шығуына арналған арнайы жолдың (пандус) жабдықталуын тексеру үшін рейдке шықты. Бұл жолы төрайымның жанына комиссия мүшелері: «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Арыстанбеков, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ж. Еркеғалиев пен сол бөлімнің жетекші маманы Е.Қонақбаев ілесті.

Бұл алғашқы жүргізіліп отырған тексеріс емес. Бірінші тоқсандағы рейдте де біраз мекемелерге сын айтылып, пандустарын стандартқа келтіру жөнінде тапсырма берілген-ді. Алайда, Бөкей орда колледжі мен аудандық ветеринарлық станция басшылары сыннан қорытынды шығармапты. Ішкі істер бөлімі, туризм орталығы, «Қазпошта» аудандық бөлімшесі басшылары кемшіліктерді тез түзеуге сөз берді.

Айта кетелік, жаңа орынға қоныс аударған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі барған ғимараттарына талапқа сай пандус жасап үлгіріпті. Осы жерде біз мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз кіруге жол ашқан аудандық орталық және балалар кітапханаларының оңды істерін баса көрсеткенді жөн көрдік.

Ендеше, сыныққа сылтау іздемей, ортақ іске өзгелер де осындай жауапкершілікпен қараса ғой, шіркін!

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.