Әкім. Студент. Сырласу

Аудандық саз мектебінде ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Нарын жастары» ЖҚБ және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында «Білімді жастар – еліміздің болашағы» атты студенттермен бейресми кездесу өтті. Аталмыш жиынға аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен бірқатар сала басшылары қатысты.

 

«Нарын жастары» ЖҚБ басшысы Жалғас Әшенов жиналғандарға қош келдіңіздер айтып, жастарды еркін отырып әңгімелесуге, көкейлеріндегі сауалдарын қоюға шақырды. Аудан әкімі Нұрлан Сағынтайұлы қазіргі таңда ауданымызда жастарға қатысты қолға алынып жатқан мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып, оқуды бітірген соң қалада қалмай ауылға келіп, еңбек етемін дегендерге құшақ ашық екенін баяндады. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлова бизнеске бастар жол қиын да қызықты болатынын баяндап, өзінің еңбек жолына тоқталып өтті. Кәсіппен шұғылданып, өзімнің жеке бизнесімді бастаймын деушілерге бағытын айқындап алу қажеттігін, бұл бағытта түрлі жеңілдіктер де бар екендігін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Нұр-Мүбәрәк Египет ислам мәдениеті университетінің исламтанушы мамандығында білім алып жатқан Мұратхан Нәбиғалиев (Сайқын ауылы) пен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да ветмедицина және биотехнология мамандығы бойынша соңғы курста оқып жатқан Дидар Темірболатов (Орда) сұрақтар қойып, оған нақты жауап та алды. Ал, Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің тарих факультеті студенті Асила Жанболатова (Бисен) аудан әкімінің жеке өміріне қатысты сауалдар қойып, өзінің жүрекжарды жыр шумақтарын оқып берді. Атырау мемлекеттік аграрлық-техникалық колледжінің ветеринария мамандығының студенті Ырысханым Нәбиғалиева (Сайқын) қайырымдылық қоры аясында жастардың басын қосып, аудандық мәдениет үйінде шағын мерекелік кеш өткізуді ұсынды. Бұл бастаманы отырғандардың барлығы қолдаса, аудан әкімі де қол ұшын беруге әзер екендігін жеткізді.

Кездесу соңында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков:

Бүгін үйрен, жалаң аяқ шоқ басып,

Ертең отқа тастаса да күймеуге – деген өлең жолдарымен жастарды рухтандырып, демалыс кездерінде пайдалы іспен шұғылдануды да ұмыт қалдырмауды сұрады. Аудан әкімі жастардың оқу-білімге деген құлшынысына ризашылығын білдіріп, ашық пікір алысқандары үшін алғыс айтты.

Әділет ӘБДІРОВ.