Сіз кітап оқисыз ба?

Қазіргі жастардың кітап оқуға деген құлшынысы күннен күнге кеміп, М.Шаханов ағамыз айтпақшы, «Компьютербасты жарты адамдар» көбейіп келеді. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып жатқан мына заманда қарадомалақтарымыз кітап бетін аша ма? Олар қандай кітап оқиды? деген сұрақтар жиі қойылып жүр. Жастар оқитын, бүгінгі қоғамға түсінікті, тұшымды дүниелер мен заманауи тақырыпқа сай кітаптар қатары да көп емес. Бұрынғы кезде С.Мұқановтың «Ботакөз», «Өмір мектебі», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» сынды бірегей туындыларын жастар жастана оқып, бас қосқанда оқыған кітаптары төңірегінде ой бөліскен. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күннің жастары басы біріксе, «Instagram», «Fecebook», «Twitter», «Вконтакте» сынды әлеуметтік желілерде қандай жаңалықтар бар, қай жұлдыздың парақшасында не барын талқылайды. Одан қалса, бір-бірімен сыр шертісудің орнына ұялы телефонға шұқшия қалады. Бұл, әрине, көркем шығармаларға тұшынып өскен аға ұрпақ көңіліне кірбің ұялататыны сөзсіз.

Менің айтайын дегенім, кітап біздің білімімізді молайтады және одан көп өнеге мен тәрбие де ала аламыз. Мәселен, өзім оқыған кітаптарға талдау жасайын. Махаббаттың тұмарына айналған Ә.Нұршайықовтың әлгіндегі  «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы жарыққа шыққалы бері оқырман қауымның ыстық ықылас-ілтипатына бөленіп келеді. Ол шынайы сезім мен қараулықтың өмірдегі арпалысына негізделген. Басты кейіпкерлер Ербол мен Меңтайдың бойынан қазаққа ғана тән қылық пен мінезді көре аласыз. Ал, Ә.Таразидың «Махаббат жыры» кітабы жүректі ізгілікке бөлеп, тілекті егіз арнадан іздеуге жол сілтейді. Әйел баласының артық жүрісі мен қадір-қасиетін таразыға салып, оны айшықты суреттейтін жазушының ой ұшқырлығы да тәнті қылады. Тек жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді ұмытпасаңыз болғаны. Өз заманының заңғары болған Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» романында қарапайым қазақ қызының ел анасына айналуы ерекше дәріптеледі. Онда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалың мал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы жер дауы, жесір дауы мәселелері де қалыс қалмаған.

Қадірлі замандас, сіз кітап оқисыз ба? Соңғы қолыңызға алған дүниеңіз қандай? Ой бөлісейік, пікір алысайық… Хат жазып, хабарласыңыз!

Айша ҚҰРМАШ.

Сайқын ауылы.