Төраға тұрғындарды қабылдады

Өткен жұма күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында филиал төрағасы, аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов тұрғындарды қабылдады.

 

Қабылдауға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Жанғуат Еркеғалиев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин және Сайқын ауылдық округі әкімі Мейрамбек Аққалиев қатысты.

Келген тұрғындар өз көкейлерінде жүрген өзекті мәселелерін ортаға салды. Мәселен, Сайқын ауылының тұрғыны Айтқаным Мағазова қазір ұл-келіні қолында, жұбайы да, балалары да жұмыссыз екенін, үй жағдайы ескі, жөндеу қажеттігін, оған қаржыларының тапшылығын айтып, үй кезегіне тұруға өтініш жазғанын жеткізді. Бисенбек Жамбылұлы ол кісінің күйеуінің атында тұрғын үй бар екендігін, жұмыссыз келін-баласының әлеуметтік жай-күйі анықталмағандықтан ешбір кезекке қою мүмкіндігі болмай тұрғандығын түсіндірді. Аудан әкімі бұл өтінішке қатысты арнайы комиссия құрылып, тұрғын үйлері толықтай тексеруден өткізілетінін, егер талапқа сай келмесе, тиісінше шаралар алынатындығын айтты.

Ал, жұбайы екеуі де жұмыссыз екенін, әрі үш қыздары барын, өзінің жүктілігін, оның үстіне пәтерден-пәтерге көшіп жүргенін алға тартқан  Бибігүл Сәрсеналиева отағасына тұрақты жұмыс тауып беруге көмек сұрады. Оған Нұрлан Сағынтайұлы мүмкіндігінше жұмыстанатындығын қаперіне берді.

Сондай-ақ, бұл күнгі қабылдауға келген өзге жерлестеріміз де өз өтініш-тілектерін айтып, жауаптар алды.

Әділет ӘЗІЛХАНҰЛЫ.