Ұлы мұрат бастауы – «Ұран»

Облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылына барды.

 

Экспедиция мүшелері жол бойында Жаңақала ауданындағы белгілі күйшілер Мәмен Мұратұлы мен Тұяқберді Шәмеловтің, кейін Бөкей ордасындағы Жәңгір хан, Мұхамед-Салық Бабажановтың және Дәулеткерей Шығайұлының кесенелеріне зиярат етті.

Қос басылымның бастауында тұрған «Ұран» газетінің алғашқы саны жарық көрген Хан ордасы ауылындағы  баспахана ғимараты алдында делегация құрметіне шара ұйымдастырылды.

– «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің бетінде қоғам тезіне түскен көкейтесті мәселелер ұдайы талқыланады, оның шешілу жолдары ұсынылады. Аймақтағы жетістіктер туралы ақпараттар да жиі жарияланады. Рухани тұрғыда жаңғыра түсуімізге, жастар тәрбиесін жандандыруға аталған басылымдардың ықпалы аз емес. Журналистерге шығармашылық табыс тілеймін,-деген аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллинге естелік сыйлық пен құттықтау хат табыстады.

– Осыдан 100 жыл бұрын газет шығару ісі қызу қолға алынды. Мұндай игі істің басында Ғабдолғазиз Мұсағалиев және Нұғман Манаев сияқты ұлы тұлғалар болды. Медиахолдинг ұжымында Бөкей ордасы ауданына алғаш аяқ басып отырған әріптестеріміз бар. Ұлт қайраткерлері тыныстаған өлкеге табан тіреудің өзі бір ғанибет. Баспасөз тарихын зерттеу – жас буынның еншісінде. Сондықтан зерттеу жұмыстары ұдайы жалғасын табатынына сенімдімін. Аудандық газеттің 85 жылдығы қарсаңында «Ұран» баспаханасы ғимаратының сыртына ескерткіш тақта орнаттық. Бұл – қос газеттің 100 жылдығына байланысты ұйымдастырылған шаралардың бірі. Өңірдегі алғашқы қазақ басылымдары «Қазақстан» мен «Ұран» газеттерінің тігінділерін ұзақ іздеуге тура келді. Себебі, қос басылым да қазақ халқын азаттыққа, ғылым-білім үйренуге шақырып, өз алдына ел болуға үндеді. Аталған  басылымдардың қызметкерлері осы жолда жан аямай қызмет қылды. Енді біздің мақсат – тәуелсіздіктің қадірін ұғынып, ұлылар бастаған істі халыққа таныту, әрі қарай жалғау. Облыстық газеттердің тарихын зерттей келе, көптеген журналистің кеңес заманы кезеңінде саяси қуғын-сүргінге ұшырағаны белгілі болды. Баспасөз тарихын зерттеу орталығының басшысы Қазбек Құттымұратұлы 17 редактордың ату жазасына кесілгенін анықтады,-деді Жантас Набиоллаұлы.

Шарада Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің директоры Ғайса Махимов сөз алып, баспахана тарихын баяндады. Хан ордасы ауылында заңгер, ағартушы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлығымен «Ұран» газеті басылып тұрған. Айта кетейік, облыстық қос газеттің тарихы «Хабар — Известия» басылымынан бастау алады деп есептелінді ұзақ уақыт. Соның ішінде, төл газетіміз 1918-1919 жылдары  «Хабар», 1919 жылы «Дұрыстық жолы», 1920 жылы  «Сахара таңы», 1920-1930 жылдары «Қызыл ту», 1931-1957 жылдары «Екпінді құрылыс», 1958-1964 жылдары «Октябрь туы», 1965 жылдан бастап «Орал өңірі» деген атаумен басылды. 100 жылдық қарсаңында «Жайық Пресс» ЖШС баспасөз тарихын зерттеу орталығы газет тарихын бір жылға тереңдетті. Яғни, тізім бастауында «Ұран» газеті бар екені анықталды. Белгілі жазушы С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында «Ұранның» жай ұран емес, алашордашылардың ұраны болғанын жазады. Советтік идеология өз шеңберіне сыймаған басылымның тамырын үзіп, «Ұранды» тарих парағынан сызып тастайды. Баспасөз тарихын зерттеу орталығының басшысы Қазбек Құттымұратұлы кезінде көкейтесті мәселелерді көтерген басылым тарихы тереңірек зерттеуді қажет ететінін айтады. Қырықтан астам нөмірі жарық көрген «Ұран» табылып, тоғыз нөмірі 2014 жылы жеке жинақ болып басылды.

«Ұран» баспаханасы Хан ордасы ауылында орналасқан. Газет редакциясының алқасында Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев сынды жанкешті азаматтар болған. Қазіргі уақытта баспахана орналасқан ғимаратта Денгизбаевтар отбасы тұрады. Осы үйде Рафаэль Денгизбаев 1958 жылдан бері мекендейді. Оны бір жасқа толғанда,  Атырау облысынан қолына алдыртқан атасы Абдолла Денгизбаевтің өзі Хан ордасы ауылындағы баспаханада қызмет еткен.

Экспедиция мүшелері тарихи орынға айналған үйге кіріп шықты. Рафаэль Денгизбаевтың айтуынша, үйдің ішіне жаңарту жұмыстары жүргізілген. Баспахана болғаннан бері сақталған бір ғана шағын шкаф бар. Көненің көзіндей болып сақталған жиһаздың сырты сырмен боялған.

Келесі күні медиахолдинг ұжымы экспедиция аясында Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін аралады. Кешеннің басшысы Ғайса Темірболатұлының айтуынша, осыдан 55 жыл бұрын қоғамдық негізде қызметін бастаған аудандық музей 2002 жылы ірі  мәдени-тарихи кешенге айналды.

Музейде алғашқы  жылдары 55 жәдігер болса, бүгінде оның саны 17 мыңнан асқан. Кешеннің теңгерімінде 13 ғимарат бар. Әсіресе, келушілер хан сарайының шығыс бөлігінде сақталған қару-жарақ палатасы, халыққа білім беру және қазақ баспасөзінің музейлері, қазына үйі ғимаратында ұсынылған жәдігерлер мен құнды құжаттарға ерекше қызығушылық танытады. Кешен қызметкерлері Хан ордасы ауылының маңындағы қорымда орналасқан тарихи тұлғалардың  кесенелерін күтімге алған.

Экспедиция мүшелері қазақ баспасөзі музейіндегі жәдігерлермен танысты. Музейде тұңғыш баспаханаға қатысты деректер, өңірдегі қазақ басылымдарының бастауында тұрған тұлғалардың фотосуреттері, баспахананың құрал-жабдықтары, аудандық «Орда жұлдызы» газетінің тарихынан сыр шертер мәліметтер топтастырылған. Делегация кейін ауыл іргесіндегі тоғайға саяхат жасады.

Бауыржан БИСЕНОВ.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ.

Бөкей ордасы ауданы.

(«Орал өңірі» газетінен).

Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ.