«Бізбен бірге бол! Бізбен бірге күрес!»

«Бастамашыл жастарды қолдау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе қаласындағы жоба үйлестірушісі Жұздыз Апашева БҚО денсаулық сақтау басқармасының  тапсырысымен ауданымызға келіп, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында осындай тақырыппен  онкологиялық аурулар жөнінде кең көлемде түсінік жұмыстарын жүргізді. Слайдта көрсетілген тақырыпшалар арқылы аурудың себеп-салдары, алдын алу, емдеу шаралары туралы егжей-тегжейлі баяндап, қатысушыларға парақша үлестірді. Анкеталар таратып, мәліметтер жинады.

Аудандық аурухананың дәрігер-онкологі Лаура Шамұратова қатерлі ісікке шалдығушылардың біздің өңірімізде де кездесетіндігін мәлімдеп, уақтылы дәрігерлік тексеруден өтудің тиімділігін, алғашқы сатыда байқалған онкоаурулардан толық сауығуға болатынын әңгімеледі. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков білікті кеңестері үшін шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жастарды еңбекпен шынығуға, салауатты өмір салтын ұстанып, табиғи тамақтарды пайдалануға шақырды.

Каримолла ҒАЙСИН.