Шахмат. Теннис. Асық ату

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конститутциясы күніне орай шахмат, үстел теннисі, асық ату сынды спорттық ойын түрлерінен жарыстар оздырылды.

Онда аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев шараға қатысушыларға сәттілік тілеп, жиналғандарды мерекемен құттықтады. Ардагер спортшы Елдос Кенжеғалиев додаға түскендерді әдемі ойын өрнегін көрсетуге шақырды. Ал, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мейрамбек Ғиылманов жарыс кестесімен таныстырды.

Шаршы тақтада тартысты өткен ойын қорытындысында Е.Кенжеғалиев І, Д.Сертеков ІІ, К.Сүндетов  ІІІ орындарға ие болды. Ептілік пен жылдамдықты қажет ететін үстел теннисінде қарсылас шақ келтірмеген Б.Насимоллин І орыннан көрінсе, тиісінше ІІ, ІІІ орындар Д.Қазиев пен Б.Қонақбаевтың қанжығасына байланды. Сондай-ақ, аудандық демалыс орталығының ауласында ұйымдастырылған асық ату ойынына қатысушы бес команда олимпиадалық тәсілмен бақ сынасты.

Айта кететін жайт, асық ату сайысы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамасымен, ұлттық ойын түрлерін дамыту мақсатында ауданда бірінші рет қолға алынып отыр. Сонда да ойынға қатысушылар көп болды. Таңертең басталған тартысты дода түс ауа аяқталды. Мергендік пен төзімділікті талап ететін ойында «Сұңқар» командасы ұпай санымен І орынға шықса, бір ғана есеп айырмасымен қарсыласына жол берген «БЖСМ» ІІ, «Достар» командасы ІІІ орынды иеленді.

Шара соңында жеңімпаздарға диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Әділет ӘБДІРОВ.