12.09.2017, 11:13
Қараулар: 270
Қоғам төрағасының есебі

Қоғам төрағасының есебі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Ж.Ж.Еркеғалиевтің төрағалығымен өткен «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының есеп беру жиналысы аудандық білім беру бөлімінің акт залында оздырылды.

Күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселе – мүгедектер қоғамы аудандық филиалының соңғы бес жылда атқарған жұмысы туралы аталмыш қоғам төрағасы Махамбет Қошаев баяндап, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолұшын беруде аудандағы мекемелер, ауқатты жандар (әсіресе, қайырымдылық айлығы аясында) қолдау-көмектерін аянып жатпағандықтарын сөз етті. Десе де, қор есепшотына қаржы салатын меценаттардың жоқтығына қынжылыс білдірді.

Екінші мәселе – мүгедектерге берілетін техникалық көмекші құралдар, санаторий-курорттарға баруға көрсетілетін қызметтерді монетизациялау жайын Жанғуат Жұмарыстанұлы жіті түсіндіріп берді. Әрі ол бұл жоба ғана болғандықтан ұсыныс та білдіруге болатындығын жеткізді.

Қоғам төрағасының жұмысына оң баға берген «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов қордың есепшотындағы қаржы қиналған жанға жедел көмек көрсетуде өте тиімді дей келе, монетизациялау жобасында ең алдымен мүгедектің сұранысы алға шығарылатындығын айтты.

Үшінші мәселе – мүгедектер қоғамы аудандық филиалы төрағалығына қайтадан Махамбет Аманұлының кандидатурасы ұсынылып, ол  бірауыздан қолдау тапты.

Айта кетелік, жиынға аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, мекеме, қоғамдық ұйым басшылары және мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Шара барысында қойылған сауалдарға да толымды жауаптар қайтарылды.

Раушан БАҚЫТОВА.

Суретте: бірлестік төрағасы

Жұмажан Қожжанов.

Филиал жұмысы

Басқа да мақалалар