Сыра үшін соққыға жыққан

Биыл 25-ке толған ордалық Т.М. тепсе темір үзетін жігіт болғанымен, тұрақты жұмысы жоқ. Соған қарамастан ішімдікке үйір. Ішке түскен «тентек судың» пендені түрлі тәртіпсіздіктерге итермелейтіні белгілі. Сол түлен түртпесе, Т.М.-да ауылдасы А.К.-ны 10 бөтелке сыра алып бер деп қорқытып, соққыға жықпас еді…

Оқиға 12 тамыз күні Хан ордасы ауылында болды. Сағат 19.30-дар шамасында Т.М. А.Оразбаева көшесі бойымен «ішімдік ішкен күйінде» (өз сөзі) келе жатса, өзінен бес жас кіші ауылдасы А.К. машинасымен өтіп барады екен. Қол көтеріп тоқтатып, 10 бөтелке сыра алып беруін талап етеді. Әуелі алып бере алмайтынын айтқан ол істің насырға шабарын байқаған соң, «дүкеншіден сұрап көрейін» деп сытылып кетеді. Бірақ, Т.М. артынан қалмайды, 15 минуттан кейін телефон шалып, жаңағы кездескен жеріне шақырады. Барғанда бетінен, кеудесінен соғып, теуіп, жәбірленушінің денесіне жеңіл дәрежелі жарақат түсіреді (17.08.2022 жылғы №1. 1-10/382 сот медициналық сараптамасы).

Жақында осы іс сотта қаралды. Т.М. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 10-бабы 4-бөлігіне сай Т.М.-ның жасаған іс-әрекеті ауыр қылмыс санатына жатады. Дейтұрғанмен, біз жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның шын ниетпен өкінуін, бұрын сотталмағанын, отбасылық жағдайын, жәбірленушінің кешірім бергенін ескердік. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын себептер анықталмады.

Ауданымызды өзге жердегілер «қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл» көреді. Сол қазақы ауылдарда тентегін тізгіндей білетін ақсақалдар азайып бара жатқаны өкінішті. Т.М. сияқтылардың тайраңдауы, яғни, ешкімнің «тәйт» демеуі ұлттық тәрбиенің ақсап жатқанын аңғартқандай.

Гүлжиһан САҒИТОВА,

аудандық сот төрайымы.