26.09.2017, 12:05
Қараулар: 474
Гимназия, лицей сыныптары ашылды

Гимназия, лицей сыныптары ашылды

 

Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпаққа білім беру ісіне де ерекше көңіл бөлінуде. Бұл үрдіс биыл гимназия және лицей сыныптарын ашқан М-С.Бабажанов атындағы орта мектепте айқын байқалады. Осы және өзге де жайлар туралы аталмыш білім ұясының директоры Ж.О.Ғұмаровпен әңгімелескен болатынбыз.

– Жұбан Орынғалиұлы, білім негізі бастауышта қаланып, орта мектепте одан әрі дамытылады. Сіз басқарып отырған ұжымда осы үрдіс қалай жүріп жатыр?

– Бүгінгі таңда 351 оқушы мен 22 даярлық тобының тәрбиеленушілеріне 64 педагог білім нәрін себуде. Биыл мектеп жарғысына өзгеріс енгізіліп, өзіңіз білетіндей гимназия және лицей сыныптары ашылды. Бірден айта кетейін, гуманитарлық бағытта тереңдетіліп дәріс беретін 6 «а» сыныбына гимназия, ал, математика, физика, химия бағытындағы 8 «а» сыныбына лицей дәрежесі берілді. Әр сыныпта 21 оқушыдан. Сабақты тек бірінші және жоғары санатты ұстаздар беруде. Ал, қабылдау ата-аналардың арызы негізінде жүргізіліп, үміткелер тиісті білім сынағынан өтті. Мұндай сынақтар алдағы уақытта да жүргізіледі және бағдарламаға ілесе алмайтын оқушылар табылып жатса, олар қатарлас сыныптағы үздіктермен ауыстырылады.

Жаңа оқу жылынан бастап біздің мектептің де бескүндік білім жүйесіне көшкендігі жайында хабардар шығарсыздар. Бұл ретте, жыл басында жалпы ата-аналар жиналысы оздырылып, көптің қолдауымен осындай шешімге келдік. Негізінен бұл заман талабынан туындаған жайлар.

– Заман талабы демекші, соңғы кезде мұғалімдердің жекелеген оқушыларға үйінен ақылы негізде дәріс беруі (репетиторлық) біздің ауданда да көрініс табуда. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Егерде ата-ана немесе оқушы өз білімін бір сала бойынша тереңдеткісі келсе, оған қуанбасақ, несіне ренжиміз? Ал, кімді жалдайтыны таңдаушының өз еркі.

– Бұл сабақ беретін пән мұғалімінің беделін түсірмейді ме?

– Шәкірті өзгенің көмегін қажет етсе, онда педагог өз міндетін дұрыс атқара алмай жүр ме дейсіз ғой, олай да болуы мүмкін.  Тек мұндай жағдайда әр мұғалім ең алдымен өзінің және жалпы ұстаздардың беделіне селкеу түсіретінін, әр ұстаз оқушыны тәрбиелеп қана қоймай, болашағын қалыптастыратынын ұмытпаса деймін.

– Сыр-сұхбатыңызға рақмет! Және таяп қалған кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ.