26.09.2017, 12:20
Қараулар: 399
Ерлік ескірмейді немесе есте қалған есті әңгімелер

Ерлік ескірмейді немесе есте қалған есті әңгімелер

Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Мәншүк Мәметованың он тоғыз жасында майданға сұранып, неміс фашистерінен Отанымызды қорғауда жасаған ерлігі туралы аз жазылған жоқ. «Қаптаған қалың жаудан тайсалмаған» қаһарман қыз туралы қанша жазылса да, артық етпесі анық.  Әйтсе де:

Өзің де оқ боран боп барасың ба?

Айналды жаудың алды борасынға.

Сөйлеттің бір емес үш пулеметті,

Жүгіріп үш «Максимнің» арасында.

Ыңылдап өз тіліңде салдың да әнді,

Маңдайдан сүртіп бір кез алдың қанды…

Құшақтап пулеметті бауырыңдай,

Тарихтың көз алдында қалдың мәңгі!-деп Қадыр Мырза Әли жырлаған Батыр апамызға алғаш пулеметтің қыр-сырын үйретіп, баулыған ердің есімі  көпшілікке беймәлім…

Жұмысыма байланысты ақпарат құралдарын парақтап, мәліметтер жинақтайтынмын. Бірде Мәншүк Мәметова туралы мақалаларды папкіге салып отырып, «Батыр қызды баулыған ер» атты мақаладағы: «1959 жылы қызмет атқара жүріп, ол Абай атындағы Қазақ педагогика институтын сырттай оқып бітірді. Қазір Жамбыл облысы, Шу ауданы, Шоқпар станциясындағы 295-мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып  істейді»-деген жазу көзіме оттай басылды. Себебі, ол туған жерімдегі білім алған мектебім еді. Батыр қызды баулыған қай ардагер ұстаз болды екен деп асқан қызығушылықпен «Социалистік Қазақстан» (15.01.2022 ж.) газетінде жарияланған бұл мақаланы бас алмастан оқып шықтым.  Авторы – Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы гвардия капитаны Жиян-Керей Қабдышев. Кейіпкері – әйгілі 100-ші бригаданың кіші лейтенанты, станокты пулемет взводының командирі, кейін штаб бастығы болған Қақабай Сүлейменов. Автор Қ.Сүлейменовтің  әйгілі шығыстың қос шынарының бірі, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға және өзіне пулемет үйреткенін, соғыстан  кейін де бір-бірімен хабарласып тұрғанын баяндайды.

Қақабай Сүлейменовтің өзім оқыған мектепте жұмыс істегенін, көрші Сидеғали атаның үйіне келіп жүретінін көзбен көргеннен кейін, осы тұлғаны оқырман қауымға кеңінен танытуды жөн санадым. Қолыма қалам алуымның тағы бір себебі – мен дәм айдап Мәншүк Мәметованың туған жері Бөкей ордасының Орда ауылына келін болдым. Әрі осы ауылдағы музейде жұмыс істейтіндіктен Батыр апамызға қатысты деректер мені жайбарақат қалдырмады. Оның пулеметші болғанын білсем де, осы бір соғыс құралын үйреткен кім екенін білмейді екем.

Өткен күнге сәл шегініс жасасам,  бастауыш сыныпта оқығанымда Қақабай ағай мектепте оқу ісінің меңгерушісі болды және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Зайыбы Роза апай интернатта тәрбиеші, қызы Қазина да мұғалім, шет тілі пәнінен дәріс оқыды. Қақабай ағайдың өмір жолы мен атқарған қызметі жөнінде  де хабардар ете кетейін.

Ол 1917 жылы Семей облысы,  Абай ауданы,  Қарауыл ауылында дүниеге келген. Соғыстан бұрын, 1933 жылы Семейдің қаржы-экономикалық техникумына түсіп, 1937 жылы үздік бітіріп шығады. Одан соң Семей педагогика институтының тіл-әдебиет факультетінің екі жылдық курсына түсіп, оны да 1939 жылы үздік тамамдайды. Содан Большенарым ауданының «Жұлдыз» орта мектебіне мұғалім болады. 1939 жылдың күз айында әскер қатарына алынып, жауынгерлік борышын өтеп жүргенде соғыс басталып, сол жақтан майданға аттанады. Соғыс басталған кезде кіші лейтенанттар даярлайтын курста оқып, сол жерден ІІІ танк дивизиясының мото-атқыштар полкіндегі станокті пулемет взводына командирлікке тағайындалады. 1941 жылдың желтоқсан айында Алматыда әскери жасақтар ұйымдастырыла бастағанда Қ.Сүлейменов Орта Азия әскери округіне шақырылып, Алматыдағы 100-ші бригаданың штаб бастығының көмекшілігіне бекітіледі. Осы бригада құрамында Мәншүк апамыз да болғаны тарихтан белгілі. Ол туралы Жиян-Керей  Қабдышев те жазады: «…Алматыда құрылған 100-ші бригаданың бірінші станокты пулемет батальонына екі айлық насихатшылар курсын бітіре салысымен келдік. Мені пулеметшілер ротасына жіберді. Ротаның дайындығын үнемі тексеріп, орын алған кемшіліктерді жоймай кетпейтін штаб бастығы Қақабай Сүлейменов: «Бала, сен пулеметті жақсылап үйрен, соғыста бұл сенің ең мықты серігің болады. Мына штабта бір қазақ қызы бар. Пулемет үйретіңізші деп құлағымның етін жейді. Аты – Мәншүк. Талабы күшті, түбі пулемет расчетіне барам деп жүр. Сен де одан қалма, жігітсің ғой»,-деп мені қайрап кететін. Өзі әскери техниканың «тілін» жетік білетін, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып шықты. Бәріміз оған қызыға қарайтынбыз. Кейін қайта кездескенде Қ.Сүлейменовтің омырауы толы орден мен медаль. Баяғы жарқылдаған ашық мінезі.

Бұл   Мәншүктің есімі жер жарып тұрған кез. Кәкеңмен  кездескен бойда: «Баяғы пулеметке құмар қыз осы емес пе?»-деп сұрадым.

– Иә, сол баяғы бізде, штабта хатшы болып істеген бала. – Кейде қазақтардың қызды «бала» деп атайтын әдетімен айтты. – Өзі де жігітке бергісіз өжет еді. Ештеңеден қорықпайтын. Талабын айтсаңшы!.. Кәкең «Батыр қызды біз тәрбиеледік» дегеннен басқа  артық мақтаныш білдірмеді. Шындығында, Қ.Сүлейменов жауынгерлердің әскери даярлықтарын жиі-жиі тексере жүріп, Мәншүкке көп көмек көрсетеді.

Кәкең: «Шынында ол батыр болуды емес, жаудан кек алуды ғана аңсайтын. Ол орта мектепті орысша бітіргенімен, қазақша таза сөйлейтін. Мәншүк, әсіресе, пулеметтің материалдық бөлшектерін оқығанда бір айтылған детальдың атын ұмытпай жадында сақтайтын. Станокты пулеметтің 15 түрлі кедергісін мүлтіксіз меңгерді. Көп жұрт содан сүрінетін»,-дейді.

Бос уақытында пулеметті меңгеріп алған Мәншүк штабтан кеткісі келеді. Көп ұзамай-ақ құрама командирі Мәншүктің өтінішіне «ротаға, пулемет расчетына жіберілсін» деп бұрыштама жазып, взвод командирі, лейтенант Темненковтің қарамағына жібереді. Батыр қыз Изоча станциясы үшін ұрыста, бригаданың оң қанатында бірінші атқыштар батальонымен бірге қимылдайды. Сол жердегі шайқаста ерлікпен қаза тапқаны тарихтан белгілі. Мәншүк қаза болған соң бір сағаттан кейін Қ.Сүлейменов те  ауыр жараланады.

Майор Қ.Сүлейменов майдан жорықтарында «Қызыл Жұлдыз», бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен,  көптеген медальдармен марапатталған. Бас командашының он үш рет алғысын алған. Онда отызға тарта қаланың аты көрсетілген. Әскерден 1946 жылдың 15 наурызында қайтқан Қақабай ағай елге оралысымен жастарды тәрбиелеу ісіне кіріседі. Тек мен ол кісінің біздің ауылға қызметке қалай келгенін білмеймін, зейнетке шыққан соң туған елі Семейге көшіп кетті. Ал, оның көршіміз Сидеғали атамен жақын араласуы майдан даласы табыстырған достық екен.

Қақабай ағай кеуде қағып, соғыста мен штабта командир болдым, Мәншүкке пулемет үйреттім деп мақтан етпейтін. Бұл оның туа бітті сабырлы қалпы шығар, мүмкін, Отан қорғау – ортақ міндет деп таныған түсінік болар. Ұзын бойлы, зор денелі, сабырлы, асықпай жүретін Қақабай ағайдың тұлғасы әлі күнге есімде. Сол кезде сөз тыңдайтын, сөзге түсінетін жаста болсам, ағайдың өзінен Мәншүк туралы көптеген мәлімет алған болар едім деген өкініш бүгінде жанымды мазалайды. Әрі оқушы кезімізде майдангерлермен кездесуде жерлес ардагер Шәкірғали Көпбаев ағайдың: «Майданда біз Мәншүкпен көрші бөлімде болдық. «Қатар бөлімде қазақ қызы бар. Аты – Мәншүк» дегенді естіп, елді сағынып жүрген біздер қазақ қызын барып көрдік. Мен Мәншүкті осылай көріп қалдым»,-деп айтқаны да есімде қалыпты.

Иә, уақытпен бірге қатары сиреген майдангерлердің есімдері мен олардың айтқан естеліктерін қайта жаңғыртуда аты аңызға айналған Мәншүк апамыздың 95 жылдығына қосқан өз үлесім санап, ол туралы естіген-білгендерімді қағазға түсіріп отырмын.

Ғалия ҚҰТМАНБАЕВА,

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің

 мұрағатшысы.