10.10.2017, 11:51
Қараулар: 333
Талабы биік замандас

Талабы биік замандас

Бала кезінен спортқа жаны құмар Жасұлан теңбіл допты серік етіп өсті. Мектепте жүріп-ақ аяқ доп шебері атанып үлгерген ол жан-жақты қабілеті бар екенін көрсете білді. Өйткені, Абахановтар әулетінде өнерден тыс қалған жан жоқ. Сондықтан да шығар 5-сыныпқа көшкен соң домбырамен әуестене бастады. Әкесі Ерлан Абаханов та жастық шағында гитара, барабан сынды аспаптарда ойнап, ән де салған. Ал, Ерланның ағасы Есқайыр Абаханов республикаға танымал «Дос Мұқасан» тобының гитарашысы.

Жасұлан мектепте оқып жүрген кезінде аудандық саз мектебінің домбыра класына қатысты. М.Мәметова атындағы орта мектептің 9-сыныбынан кейін Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне оқуға түсіп, оны 2014 жылы үздіктер қатарында аяқтады. Содан бері аудандық саз мектебінде ұстаз. Аудандық халықтық аспаптар оркестірінің белді мүшесі. «Бойы домбырадан сәл ұзын, ақырын басып келе жатқан оның бейнесі әлі күнге көз алдымда. Мен Жасұланға үлкен сенім арттым. Қазір ол үмітімді ақтады»,-дейді оның домбырадағы алғашқы ұстазы Азамат Зайноллин.

Өзін күй әлеміне алып шыққан жанмен әріптес болып, бірлесе қызмет атқару Ж.Абахановтың шеберлігін шыңдауына септігін тигізуде. Соның арқасында аудан, облыс көлемінде өткен жарыстарда топ жарып, өзін мойындатып келеді. Халықаралық сайыстардан да жүлдесіз оралған кезі жоқ. Бүгінде білікті маман атанып үлгерген оның өз шәкірттері де аудандық шараларда қос ішектің қадір-қасиетін арттырып, күй құдіретін танытып жүр.

Өнерпаз жанның шығар асулары әлі алда деп білеміз.

Әділет СӘМЕНОВ.