10.10.2017, 14:42
Қараулар: 420
Бұл ет базары болды

Бұл ет базары болды

«Істелген іске сыншы көп» демекші, қай кезде де бір нәрсені қолға алып, оны орындағандарға мін тағушылар табылады. Кешегі сенбіде Сайқын ауылында оздырылған ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне барғандардың да бірінің көңілі толып, бірі іздегенін таппай, зая кеткен уақытына налып қайтты.

                        

«Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген бабаларымыздың көрегенділігіне осы жорықта тағы бір куә болдық. Алдын ала қамданып, ауылымыздың орталық базарына ертелетіп жеткендер таңдаған тауарын иеленді, қазы-қарта мен қаймақ-майға да молынан қол жеткізді. Обалдары не бұл күні еттің қай түрі де жеткілікті болды. Бағасына келер болсақ, еттің құны 1000-1200 теңгенің шамасында сатылды, ал, қаймақтың бір банкісі (0,8 литр) 1000 теңгеге белгіленіпті. Сонымен қатар ауылдық округтен келгендердің сөрелерінен ірімшікті де, қымыз бен балықты да байқадық. Соңғысының саудасы қызғаны соншалық басталмай жатып бітіп қалды. Өйткені, бал татыған балық етін іздеушілер көп екен.

Жәрмеңкенің өтетіні туралы хабарландыруда айтылғандай, мұннан тұрғындар мал азығын да тапты, тек тірі малды әкелуді қожалықтар жөн санамапты. Ордалық шаруа қожалығы иесінің айтуынша, тірі малдан гөрі сойып сатқан ұтымды. Сондықтан алғашында үш қойды тірілей алып келуге бекінгенмен, кейін ол ойынан айнып, тұтынушыларға дайын өнімді ұсынуды құп көрген. Иә, өнімді дайын күйінде ұсыну – нарық заңы. Оған сол ордалықтардың алып келген екі бас сиыр етінің екі сағатқа жетпей сатылып кеткені айқын дәлел. Бір өкініштісі, жәрмеңкеде жеміс-жидек, көкөністі ұсынушылар қатары тым аз болды. Ресейден тек бір ғана кәсіпкер келіпті, ол да қарбыз, асқабақ сатумен шектелді.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл базардан әркім әртүрлі ой түйді. Бірі бұл түгелдей ет базары болды десе, бірі Ресейден көкөніс әкелушілердің бағаны ауыл дүкендеріндегі қақтан төмендетпейтініне реніш білдірді.

Раушан БАҚЫТОВА.