17.10.2017, 10:35
Қараулар: 301
Салқында сыр бермейік

Салқында сыр бермейік

Қай іске кіріспес бұрын да дайындық қажет. Тіпті, балалар да ойнар алдында ойыншықтарын әзірлеп алмай ма? Алтын күз келіп, салқындықтың да ызғары сезіле бастады. Жылыту маусымына дайындық қай деңгейде екені тексерілер шақ бұл.

 

Әлеуметтік нысандардың аталмыш кезеңге әзірлігін білмек ниетте аудандық білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласы басшыларын сөзге тартқанбыз. Олардың мәлімдеуінше, ауданымыздағы қоғамдық маңызы зор нысандар қысқа сақадай сай тұр. Жылыту жүйелері тексеріліп, ақаулылары ауыстырылған. Қайсыбірін өзге жылыту жүйесіне өзгертуге тура келіпті. Әрине, бұларды тізіп айтып шығу оңай, ал, жүзеге асыру уақытты, қол күші мен төзімділікті талап етеді. Қалай болғанда да жоспарланған жұмыс мерзімінде орындалуы тиіс. Орындалып та жатыр.

Ауданымыздағы 9 орта мектептің 5-еуі газбен, 4-еуі сұйық отынмен, 9 бастауыш мектептің 2-еуі газбен, 5-еуі қатты отынмен, 2-еуі электр қуатымен жылытылады. Оның сыртында білім беру бөліміне қарайтын саз мектебі, туризм, мектептен тыс тәрбие және балалар техникалық-шығармашылығы орталықтары, 3 балабақша газды, 1 балабақша сұйық отынды пайдаланады. Қажетті 320 тонна сұйық отынды биыл «АDA Petroleum» ЖШС-і ұтып алып, оны түгелдей қыркүйек айының басында-ақ жеткізген. 91,9 тонна көлеміндегі қатты отынды жеткізуді «Испембеков М» жеке кәсіпкері өз мойнына алып, бүгінде олар да уәделерін орындапты. Газбен жылытылатын мекемелер толықтай қаржыландырылып, келісім-шарт та жасалған. Мектептердегі бу қазандарын жөндеуді қолға алған бұл сала қызметкерлері бүлдіршіндердің жайын ескеріп, 4 балабақша мен 4 мектеп жанындағы жатақхананың және 9 бастауыш мектептердің жылыту жүйелерін күні бұрын іске қосыпты.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің де бұл маусымға дайындығы жаман емес. Кітапханалар мен селолық клубтарға қажетті 74 тонна қатты («Испембеков М» жеке кәсіпкері), селолық мәдениет үйлеріне керекті 43 тонна сұйық отын («ANARBAEVA» ЖШС-і) да жеткізілу үстінде.

Денсаулық саласына тоқталсақ, аудандық аурухана мен Орда, Бисен дәрігерлік амбулаториялары, Мұратсай фельдшерлік акушерлік, Үштерек медициналық пунктері көгілдір отынды пайдаланса, Саралжын дәрігерлік амбулаториясы мен 4 медициналық пункт (Шоңай, Кеңой, Қарасу, Сейітқали)  электр қуатымен жылытылады. Және биыл Жәрмеңке, Жиекқұм, Тайғара медициналық пунктері осы жүйеге алмастырылды.  Ұялы ФАП-ы мен Әжен, Көктерек, Жамбыл елді мекендердегі медициналық пункттер көмірді, ал, Бөрлідегі ФАП-қа 20 тонна сұйық отынды «Досжанова» ЖК жетістірді. Былтырғы маусымнан қалған 12 тоннадан астам отын және бар.

Басшылар бізге осындай мәлімет берді. Дайындықтың сапасын қыс қаһары тексереді. Сонда сыр алдырмасақ болғаны да…

Раушан БАҚЫТОВА.

Аудан әкімдігінде

Басқа да мақалалар