17.10.2017, 11:45
Қараулар: 420
Ақсақалын ардақтаған ел арымас

Ақсақалын ардақтаған ел арымас

 

 

«Мейірбандылық күндері» қайырымдылық айлығы аясында Бисен ауылдық округіне қарасты Жиекқұм елді мекеніндегі клуб меңгерушісі Д.Мұсағалиев, кітапхана меңгерушісі Н.Ғалымова және Т.Масин атындағы орта мектеп мұғалімдері Е.Баймұратов, Ж.Тұралиева, Г.Құбиевалар бірігіп ауылдың үлкендеріне дастархан жайып, концерттік бағдарлама ұсынды.

Шараға қатысқан ауылдық округ әкімі Қ.Саматов пен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Сабыров облыс ақыны Кенжеғали аға Балабасовқа «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай «Жайық Пресс» ЖШС-і директоры Ж.Сафуллиннің «Алғыс хатын», еңбек ардагері Өрес аға Хайырлиевке 80 жастық мерейтойына байланысты ауыл әкімдігінің Құттықтауын табыс етті. Мектеп оқушылары ата-әжелеріне  әннен шашу шашып, би билеп, жыр шумақтарын арнады.

Сонымен қатар қарияларға қол ұшын беру мақсатында әлеуметтік педагог Г.Құбиева мен ауылдық кітапхана меңгерушісі Н.Ғалымова және мектеп оқушылары ауылдағы үлкен адамдардың үйлерін аралап, мерекелерімен құттықтап, сый-сыяпаттарын ұсынды. «Қадірлесең кәріңді, жарылқармын бәріңді» демекші, игі іс әлі де өз жалғысын таба бермек.

А.ҚҰЛЖАНОВА,

мектеп тәлімгері.

 

***

Алдыңда  ақыл берер қария ғой,

Жақсылар жақсылыққа жария ғой.

Жастарға парасатты кеңес берер,

Сөзге бай ағып тұрған дария ғой,-деп даналығы жырға арқау болған ақсақалдарға арналып Бөрлі ауылында дастархан жайылды. Сонымен қатар мәдениет үйі қызметкерлері мен ауылдың көркемөнерпаздарының күшімен әзірленген «Көзім көрмесе де, көңілім көреді» атты қойылым да, Ж.Рамазанова, А.Қабдығалиев, Ә.Меңкешева мен Б.Ғабдолланың қоңыр дауысымен шырқаған сазды әні де үлкендердің көңілінен шықты. Реті келген соң айта кетелік, түстікті дайындауға округтегі мекеме ұжымдары түгелдей атсалысса, «Жеті жылдық», «Жаннат», «Садық» шаруа қожалығы жетекшілері бұл дәстүрлі іске демеушілік жасады.

Әйгерім АЙМАҒАНБЕТОВА,

Т.Масин ауылдық округінің

әлеуметтік қызметкері.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар