17.10.2017, 12:35
Қараулар: 4
«Жан сүйіктім қаза боп қара жолда…»

«Жан сүйіктім қаза боп қара жолда…»

 

 

Соңғы уақытта жол-көлік оқиғасы салдарынан неше адам мерт болып, қанша шаңырақ қайғы оранғанын статистикалық мәліметтерден табуға болады. Шағын ауыл ішіндегі қысқа жолдың өзінде көлігін бар жылдамдыққа салып, ызғытып бара жатқан өрімдей жастар жиі кездеседі. Оның ішіндегі адамның тағдыры бірінші Аллаға, екінші рульдегі жанның қолында екенін олардың терең сезінбейтіні қынжылтады.

Жібергесін жазым жол таудан ұрып,

Басылғаны-ай жаңбырдай жауған үміт.

Жан сүйіктім қаза боп қара жолда,

Көлігіңмен кеттің-ау аударылып,-деп ақын Мұхтар Жақсылықов жырлағандай, артынан өкініп жылағанмен, қайғының орны толмайтыны ащы шындық.

Биыл аудандық ішкі істер бөлімінде 5 жол оқиғасы тіркеліпті. Ереже бұзған 161 адамға қатысты хаттама толтырылып, мас күйінде көлік жүргізген 16 адамға 1381132,5 теңге көлемінде айыппұл салынған. Күні бүгін олардың 1284699,5 теңгесі өндірілген. Десек те, жол-көлік оқиғасына кінәлі 4 адам бой тасалапты.

 

Иә, бейқам, ешбір қауіп-қатерді сезінбей жолға шыққандардың аяқ астынан аспан төңкеріліп, жерге түскендей, қас пен көздің арасында жарық дүниемен қоштасып жатқандары қаншама?! Айналасын, жақын-туысын аңыратып кеткен ауыр жағдайдың бетін әрмен қылсын. Мәдина Ерәлиева сияқты көптеген өнер жұлдыздары өз ажалдарын осы қара жолдан тапқан. Сидней олимпиадасының чемпионы, боксшы Бекзат Саттарханов құйрықты жұлдыздай ағып өткенде небәрі жиырма жаста еді-ау. Қазақтың көк байрағын желбіретіп, қос жанары мөлдіреп тұрған өз елінің патриоты ел есінде мәңгі қалды. Уыздай тап-таза бейне. Әттең… Ажалы темір тұлпардан болған Бекзат сынды қазақ жастары жетерлік. Қайсыбірін айтарсың?! От ауызды, орақ тілді Оразалы Досбосынов та жиырма тоғыз жасында жолда көз жұмды. Оның сүйгені әнші Ажар Түзелбекова да дәл сондай жағдаймен жарының соңынан кете барды. Отбасын қайғыға душар еткен жол-көлік оқиғасы толастар емес. Өз ауылымызда ет-жақын бауыр, құлын-тайдай тебісіп өскен құрбы-замандас, ауылдастарды да осы көлік апаты кесірінен жоғалтып жүргеніміз және бар.

Жол бойында кездесетін белгілер – темір тұлпарлардың мыжырайып, пенде байғұстың шыбын жаны шырқырап, о дүниеге мезгілсіз аттанған сәтінің бір көрінісі. Келтесінен үзілген ғұмыр. Ешқашан құлпы ашылмайтын қара қамыт… Қас-қағымның мәңгілікке байланған елесі… Жол үстінен ізі-қайым жоғалу… О дүние мен бұл дүниенің арасы… Өмір мен өлім. Сананы сансыратқан сан сауалдың жауабы әлі табылған жоқ. Үлкен қалаларды ауызға алмай-ақ қоялық, темір тұлпарды тізгіндегендер қатары ауданымызда да жылдан жылға арта түсуде. Біреу қуып келе жатқандай көлігіне қамшы басып, зуылдап бара жататындар жиі кездеседі. Сол жерде алдынан оқыс адам шығып қалса, көлігін бұрып та үлгермесі хақ. Осылайша, жүргізушінің жауапсыздығынан жөнімен кетіп бара жатқан жолаушы зардап шекпей ме? Аман қалса жақсы ғой, жанұясы қара жамылып қалса қайтпек? Кінәні кімнен іздейміз?

                 

Ана аруағы

Бірде әлеуметтік желіден көрген бейнетаспа мені қатты толғандырды. Шетелде болған оқиғаға ұқсайды. Кешқұрым жеке көлігімен музыканы барына қойып, теп-тегіс жолмен ызғытып келе жатқан екі жастың алдарынан әлденеге абыржулы әйел кездесіп, көліктерін тоқтатады.

Жалынышты жанары мен аптыға айтқан сөздерінен бұлар ол мінген көлік апатқа ұшырағанын түсінеді. Жігіт жарын қалдырып, әйелдің соңынан ереді. Оларға жүз метрдей жердегі быт-шыты шыққан көлік ішінде қанға оранған адамдардың ортасында сәби ғана тірі қалған. Баланы алып келіп, енді манағы әйелді іздесе ұшты-күйлі жоқ. Келіншек таңданысын жасыра алмай, «Сенімен бірге кетті емес пе?»-дейді аңтарылып. Олар оқиға болған жерге оралса, о, тоба, манағы әйел алдыңғы орында бетін қан жуып жатыр екен. Үзіліп кетіпті. Естері шыға қорыққан екеу бір-біріне жалт қарайды. Сонда көздеріне көрінген елес пе?! Кейін жастар құжаттарын реттеп, ана рухы аманаттаған сәбиді асырап алған екен. Апат кезінде шығып кеткен жан шырылдап, өз періштесін осылай қорғаған. Ана рухының мықтылығына сенбей гөр?!

Апат көбіне жастардың көз ілеспес жылдамдыққа әуестігінен, жол ережелерін сақтамаудан, оқыс бұрылып, бағдаршамның белгілерін елемеуден, қарсы жолға шығудан, т.б. туындайтын көрінеді.

 

Көлік тоқтатқан әулие аталар

Мас күйінде көлік жүргізудің кесірі талай адамның өмірін құртып жатқанын жоғарыда айттық. Сондай-ақ, оқыс оқиғалардың орын алуына қасиетті, аруақты адамдардың бейіті жанынан музыканы қаттырақ қойып құйғытып өту де себепші сияқты. Бөкей ордасы ауданынан облыс орталығына дейін алты жүз шақырым. Сайқыннан шыға бере Сейтәлі, одан әрі Бисен маңында Қабдыбек, Жанасбай аталар жатқан қорымдар бар. Сол шамаға жеткенде жөн білетіндер тоқтап, садақа тастауды дағдыға айналдырған. Егер елемей өтер болса, көлігі сынып не болмаса, қауіп-қатерге ұрынатын жағдайлар ұшырасады. Сондай-ақ, көлік апаты жиі орын алатын жерлер де байқалуда. Ондай жолдардан тәжірибелі жүргізушілер білетін дұғаларын оқып, тежегішті баяулатып өтетін көрінеді. Себебі, арқалы адамдар бет сипауды дәметеді деген түсінік бар. Шындығы да солай тәрізді. Марқұмдардың сәл нәрсеге көңілі толмай қалса, көліктің бір жері сынып немесе жағар май таусылып қалуы мүмкін.

Жәй сөз шығар деп сенбейін десең, жақында Хан ордасы маңындағы Сағи, Сүлеймен хазіреттер жерленген қорымға зиярат етіп қайттық. Жергілікті халықтың нанымы бойынша алдымен Сағи атаның басына құран оқылып, Сүлейменнің басына түнеуге рұқсат сұралады. Сонан соң ғана киелі қорымға бет алады екен. Бұл жолмен алғаш жүріп келе жатып, аяқ астынан қай сүрлеуге түсерін білмей дағдарған көлік қожайыны:

– Мынаған (Сағи атаны айтады) да барамыз ба?-деп сұқ саусағын шошайтты. «Қап!» деп қалдық ішімізден. Жүргізуші діттеген жерімізге жеткізіп, көлігін оңтайлап қойды. Аруаққа дұға бағыштап, енді кері шығайық десек, табан астында мәшинаның балоны жарылып қалыпты. Жеке көлік иесі Пайғамбар жасынан асқан ағамыз  «Екі жыл бойы жарылмаған тегершік еді»,-деді таң қала. О, құдірет! Бұл әурешіліктің жаңағы «сұқ саусақтан» келген пәле екенін іштей сездік. Қайта тегершік ауыстырып, кері шыққанымызша біршама уақыт өтті. Күн салқындап,  Сүлеймен ата зиратына қас қарая жеттік. Аруақтар шамданса, не бейіттердің қасынан жылдамдықты асырса апатты жағдайлар орын алып тұрады екен. Осынау жәйтті жақсы білетін жүргіншілер бұл арадан өткенде білген аяттарын оқып, қайсыбірі садақа тастайды. Асқақтағандар бұдан тәлім алса игі.

 

Машинада жоғалған қыздар

Ақсай қаласы маңында болған мына бір оқиға көптің есінде болар. Бір жолаушы түн қатып келе жатып, екі аруды көлігіне мінгізеді. Жолай қыздардың бірі: «Анама қоңырау шалайын деп едім. Телефоныңызды пайдалануға болама?»-деп сұрайды. Шопыр телефонын ұсынады. Қыз біреулермен сөйлесіп жатады. Енді олар айтқан маңға келіп: «Қай жерден түсесіңдер?»-деп сұраса, ешкім үн қатпайды. Естімей қалды ма деп дауысын  мейлінше қаттырақ шығарып, жаңағы сөзін қайта қайталайды. Жауап жоқ. Бұларға не болды?-деп артына бұрылса, салонда ешкім жоқ. Манағы арулар құдды болмағандай, ізі-қайым… Тұла бойы қорқыныштан қалшылдап кетеді. Сонда жолда мінген қыздар қайда кеткен? Артына қайта бұрылып қараса, көліктің артқы орындығында өзінің телефоны жатыр. Жалма-жан телефонын алып, қыздар қоңырау шалған нөмірге хабарласады. Дауысы жарықшақтанған ана тұтқаны көтеріп, шопырдың  асыға-аптыға айтқан әңгімесін сабырмен тыңдайды. Сонан соң күрсініп, қыздарының екі жыл бұрын көлік апатынан қайтпас сапарға аттанғанын және ол бірінші телефон шалушы емес екенін, тура осындай жағдайды баяндап талай шопыр хабарласқанын айтады. «Қыздар қайтыс болған жерге белгі қоямыз деп қоя алмай жүр едік»,-дейді ана.

 

Шыбын жан

Біз бұдан не ұғамыз?! Жанталасып, жаны қысылған пенде соңғы сәтінде нені ойлайды екен? Үзіліп бара жатып аяулы анасы, әкесі, бауырлары, сүйгені, ал, егер үлкен кісі болса, барлық өмірі тізбектеліп көз алдынан қас-қағым сәтте өтері анық.

Екі дос, құрдас жігіттер қыс кезінде көлікпен мұз үстінен өтіп бара жатып, суға батып кетеді. Сол жігіттердің бірінің жаназасында бұрын-соңды ешкім көрмеген жасыл түсті құс айнала ұшып келіп, әруленген жігіттің жүрек тұсына келіп қонақтайды Қашан ақтық сапарға аттандырғанша тапжылмайды. Бұл жағдайды ауылдастар көпке дейін әңгімелеп жүрді. Көкке ұшып кеткен шыбын жан деген осы шығар.

 

Ащы мұң

Ата-ана ұлына немесе қызына көлік аларда ақыл қосып, өзінің емес, өзгенің де өміріне жауапкершілікті сезінгеннен кейін ғана рульге отыр дегенді күн сайын құлаққа құйып отырса… «Сақтансаң, сақтаймын» демей ме?!

Мұң, ащы мұң… Мынау жалған дүниенің жапырақ-үміттері адами қас-қағым тірліктің иір-иір жолдарымен жалғасады екен ғой. Әр күннің әр сағаты маңыздырақ, тәттірек көрінетін тірлік базары оқыстан тарқамаса дейсің. Шырылдап жұбанбай кеткен қаншама тарлан-ғұмырлар жайлы ойласам, жалғыз ұлының қабірі басында қара шашы қудай боп, жүзі қуарған ана көз алдымнан кетпейді. Себебі, құлыншағын өзі алып берген қымбат темір тұлпары мәңгілік сапарға асығыс алып кеткен-ді.

Кесір болды көлікті айдағаның,

Түзу жолда қайтейін тайғанадың.

Жылдамдықты барынша қосатындай,

Неге сонша асықтың, қайда жаным?

Қарғыс атқыр не дейін надандарға,

Қол ұшын кеп созады адамдар да.

Жедел жәрдем жеткенше демің бітіп,

Шыдай алмай үзілдің амал бар ма?

Әкелген соң денеңді дара белге,

Қабіріңде көп тұрды қаралы ел де.

Мәңгі бақи ұйқыға кетсең дағы,

Ешкім сені қимады қара жерге. (М.Ж.)

Бұл ешқашан орны толмайтын жар мұңы. Қара жолда да кие бар. Әр адымды сақ басып, Алланың пешенеге жазғаны деп, өз-өзімізді құрғақ сөзбен жұбатпай, Жаратқан сыйлаған ғұмырды мейлінше иманмен қорғап жүрсек, көлденең келер пәле-жала да азаяр ма еді…

Гүлнар ҚАДЫРОВА.