Ішімдіктен бас тарту күні

25 қазанның ішімдікті пайдаланудан бас тартудың дүниежүзілік күні болып жарияланғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл – жүйке-неврологиялық және басқа да инфекциялық аурулардың өршуіне әкеліп соқтыратын, бауыр циррозы, қатерлі ісіктің түрлері мен мезгілсіз, ерте өлімнің негізгі себебі боп табылатын «ащы суға» тәуелділіктің алдын алуға барша әлемнің назарын аудару үшін алынған шара. Біздің елімізде де жылда тіркелетін кісі өлімінің 11 пайызы осы ішімдіктің әсерінен болатындығын дәрігер мамандар ескертіп, адамды ақылынан алжастыратын «әзәзілге» қарсы қоғам болып күресуге шақыруда. Аудандық орталық  аурухана  психологтары А.Биялиева мен Ж.Сейтоллинаның стационардағы науқастармен өткізген сабағы да «Ішімдіктің адам ағзасына зияны» туралы болды.

Бірінші байлық – денсаулық. «Қазақстан – 2030» Стратегиялық бағдарламасында көрсетілгендей, өркениетті елдің әрбір азаматының денсаулығы мықты, хал-ахуалы жақсы болуы шарт. Ол үшін әр азаматқа жаман әдеттерден жеріп, арақтың денсаулыққа, болашақ ұрпаққа жау екендігін, маскүнемдіктің зардаптарын, маскүнем ата-аналардан туған балалар ұмытшақ, алаңғасар, өмірге икемсіз келетінін жете ұғындырған абзал.

Сабақ барысында жалпы ішімдік туралы мол мағлұмат беріліп, ішімдіктің ағзаға тигізер зияны кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар брошюрлар таратылып, науқастармен пікір алмасылды, кеңестер берілді. «Бұл қу арақ талай мықтыларды сындырған» атты бейнебаян көрсетіліп, «Мені жалғастыр» ойыны барысында науқастардың  көңіл-күйлері біршама көтерілді, жүздеріне жылылық ұялады.  Сабақ «Өмір ағашы» тренингімен қорытындыланды.

Адам баласының жарасымды тұрмыс құрып, үйлесімді дамуы үшін біздің елде барлық жағдай жасалған. Өнердің, спорттың сан-салалы түрімен айналысуға болады. Олардың қайсысынан болса да жан дүниең ләззат тауып, әдемі сезімге бөленесің. Өмірің мәнді, мазмұнды бола түседі. Олай болса, арақсыз, есірткісіз, темекісіз әрі мазмұнды, әрі сәнді өмір сүруге неге ұмтылмасқа? Алдамшы құмарлықтан бас тартып, өзін-өзі билей білу – адам бойындағы ізгі қасиет, үлкен парасаттылық.

Райгүл ҚҰБАЙТОВА,

аудандық аурухананың тіл маманы.