Көз қорқақ, қол батыр

Жұмыс іздеушілерге көбіне кәсіби білімінің жоқтығы кедергі келтіреді. Оның үстіне көптің бәріне бірдей жұмыс табыла беруі мүмкін де емес қой. Осы тығырықтан шығудың бірден-бір жолы қарым-қабілетіңе қарай, қолыңнан келетін бір іске (кәсіпке) кірісу деп ойлаймын. Ауылда өскен малшының баласы болғандықтан, осыдан 12 жыл бұрын «Дарын» шаруа қожалығын құрып, мал өсіруге ниеттенгенмін. Құдайға шүкір, ел қатарлы тұрмыс кешудеміз.

Биыл аудандық кәсіпкерлік палата, ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік бөлім қызметкерлері ауылымызға келіп, несиені қалай алу жөнінде түсінік беріп, мал бордақылау саласына жеңілдіктер қарастырылып жатқанын айтты. Олардың «Орда жұлдызы» газетінде жарық көрген мақалаларынан 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» туралы тереңірек біле түстім. «Береке» бағдарламасын ұнатып қалдым. Малды асылдандырып қана қоймай, сонымен қоса, бордақылау ісіне бет бұрдым. Несие алып, ойымды жүзеге асыру үшін аудандық кәсіпкерлер палатасына бардым. Ондағы кеңесшілер аталған бағдарлама бойынша толықтай ақпарат беріп, үш күн ішінде барлық құжаттарымды рәсімдеуге көмектесті. Сөйтіп, Орал қаласындағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» құжаттарымды тапсырдым. Көп кешікпей қалаған қаржым қолыма тиді. Оған мал алып, бордақылау жұмыстарын бастап кеттім.

Бағдарлама бойынша алынған несиенің жылдығы 6 пайызды құрайды және 9 ай демалысы бар екен. Бұл қожалықтарға өте тиімді. Мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті БАҚ арқылы жұртшылыққа жеткізіп, кәсіпкерлерді қолдап отырған аудандық кәсіпкерлер палатасының ұжымына рақметімді айта отырып, ауылда жұмыссыз жүрген жастарды қатарыма шақырамын. Көз қорқақ, қол батыр. Ниет қойып, іске батыл кіріссеңіздер, алмас асу жоқ.

Идағат НАРЫНОВ,

«Дарын» шаруа қожалығының жетекшісі.

Мұратсай ауылдық округі.