21.11.2017, 10:04
Қараулар: 300
Палуандар түсті сайысқа

Палуандар түсті сайысқа

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, республикамыздың еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, ауданымыздың құрметті азаматы Жұбаныш Жәрдемовтің 65 жасқа толуына орай  қазақ күресінен 2001-2003 жылы туылған жасөспірімдер арасында дәстүрлі облыстық турнир оздырылды.

Алдымен, аудандық мәдениет үйінде спорт саңлағымен кездесу өтіп, онда бөкейліктер Жұбаныш Садырұлының тартымды әңгімесіне қанықты. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков ашып, жүргізген бұл кеште Ж.Жәрдемовтің өмірінен бейнеролик көрсетіліп, бозкілемдегі әрбір жеңісі туралы әсерлі естелігімен бөлісті.  Алғашқы жеңіс, талас тудырған тайталас, абырой арқалатқан жарыс төңірегінде айтылған әңгімелері де көпті еріксіз сүйсінтті. Көрермендер палуанға көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тұшымды жауап та алды. Өз кезегінде Айкөркем Мақашева жерлесіміз, әнші-сазгер Қабибола Әлесовтің «Жұбаныш ағаға» арнаған өлеңін оқыса, Медет Мусиннің орындауында шырқалған «Ауылға сапар» әні де тыңдарманын толқытты.

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев мерейтой иесіне ізгі лебізін білдіріп, аудан әкімдігі атынан Алғыс хат табыс етті.

Мұндай кездесу Ж.С.Жәрдемовтің кіндік қаны тамған Хан ордасы ауылында да өтті. Кезінде өзін спортқа баулыған  дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, бүгінгі ардагер-ұстаз Береген Қожағалиевпен әлі де шәкірттік байланысы үзілмегені сүйсінтті. Бұл өзгелерге сабақ, үлгі болар тағылым, қазақы ізет, кішіпейілдік екені сөзсіз.

Келесі күні М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің спорт залында қазақ күресінен өткен турнирге Орал қаласы, Қазталов, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарынан 110 жасөспірім қатысты. Онда бас төреші Артур Шерғалиев, аға төреші Амангелді Нұралиев болды. Сонымен, 35 келі салмақ дәрежесінде бөкейордалық Жеңіс Мерейдің бағы жанып, І орынды қанжығасына байласа, жаңақалалық Райымбек Дүйсеков ІІ, Саят Сұлтанов пен қазталовтық Нұрлыхан Ғаббасов ІІІ орынды иеленді. 38 келі салмақ дәрежесінде жаңақалалық Жалғас Тілекқабыл жеңіс тұғырынан көрінсе, оралдық Асхат Шүйіншәлиев ІІ, бөрлілік Армат Айсеев ІІІ орынды қанағат тұтты. 42 келі салмақ дәрежесінде қазталовтық Дарын Сұлтанов, жәнібектік Ералхан Меңдіханов, бөкейордалық Ержан Ернұр жүлделерді тиісінше бөлісті. 51 келі салмақта жәнібектік Ғани Еркеғұловтың асығы алшысынан түсіп, І орынға лайық деп танылса, қазталовтық Рамиль Есенов ІІ, бөкейордалық Жәңгір Ескендіров пен  жаңақалалық Рауан Қуандық ІІІ орынды өзара бөлісті. 57 келі салмақ бойынша күрескендер арасында қазталовтық Еркебұлан Ерсайынов қатарынан қара үзіп, І орынды, оралдық Артур Сатыбалдиев ІІ, Жаңақалалық Мерген Қуанышқалиев пен жәнібектік Батырхан Насыров ІІІ орындарды еншіледі. 64 келі салмақта қос қазталовтық Дәулет Серіков пен Айымбек Насибуллин І, ІІ орындардан көрінсе, бөрлілік Оралбек Талғатұлы  мен бөкейордалық Бағдат Өтебаев ІІІ орынды місе тұтты. Ал, 72 келі салмақта бөрлілік Әмір Қабақов пен Замир Хамзин І, ІІ орынға лайық деп танылса,  жаңақалалық Райымбек Жұмағұловқа ІІІ орын бұйырды. 72 келіден жоғары салмақтағылар арасында бөкейордалық Бекзат Ахатовтың қанжығасы майланып, І орынды иеленсе, жаңақалалық Санжар Ғинаятовқа ІІ, бөкейордалықтар Бағдат Ғалымов пен Бейбарыс Әнесовке ІІІ орын бұйырды. Турнирде бағы басым түскендер арнайы медаль, Дипломдармен марапатталды.

Жарыс соңында аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилиди Жұбаныш Жәрдемовті мерейлі жасымен құттықтап, қазақ спортына қосқан үлесі үшін ізгі лебізін білдіріп, медаль табыс етті.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.