5.06.2018, 11:12
Қараулар: 348
Туған жер – тұғырың

Туған жер – тұғырың

«Туған жер» адам жанына жылылық ұялататын өте ыстық ұғым. Кіндік қаны тамған өлкеге деген сүйіспеншілігін көркемсөзбен өрнектеген ақын-жазушыларымыз да, көкірегіне ән ұялаған әнші-сазгерлеріміз де, есімдері аңызға айналған ардақтыларымыз да осы ауылдан шыққан. Ауыл – ата-бабаларымыздың маңдай тері төгілген киелі мекені, халқымыздың бойына нәр құятын алтын бесігі, қуат алар қайнар көзі деп те жатамыз. Жалпы, туған жерге, елге, ауылға деген сағынышты бір сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес. Сол себептен де шығар, М.Мәметова атындағы орта мектептің 1978 жылғы түлектерінің ұрпақтарымен аудандық демалыс орталығында «Ауылға сағыныш» атты концерт ұйымдастырып, өз өнерлерін ортаға салғаны. Әрі  олар өздерінің алтын ұяларына 10 домбыра тарту етіп, мектеп алаңына 40 түп ағаш көшеттерін отырғызды. Ал, 1988-де  қияға қанат қаққандар өз қаражаттарына мектептің акт залын безендірсе, 1998-дің ұл-қыздары жаңа жылдық жасанды шырша мен спорттық доптар сыйлады. Мектепті тәмамдағанына 15 жыл толғандар ауылдағы көпбалалы отбасына 85 мың теңгенің қаржылай көмегін көрсетті.

Ауданның өзге округтеріндегі білім ошақтарының да  әр жылдағы түлектері туған ауылдарына тарту-таралғыларын ұсынды. Нақтырақ айтсақ, Б.Жәнекешев атындағы орта мектепті 40 жыл бұрын бітіргендер сирек кездесетін ағаштар мен бұталардан ботаникалық бақ жасақтап, субұрқақ орнатса, осы ұяның 1998 жылғы түлектері воркаут (түрлі дене жаттықтыруларын жасайтын спорттық инвентарь) тарту етті. Бұл нысандардың  ашылуына аудан әкімі Н.С.Рахымжанов бастаған бір топ атқамінерлер қатысты.

Сондай-ақ, Қ.Сағырбаев атындағы орта мектептен үлкен өмірге 1998 жылы қадам басқандар балабақша бүлдіршіндеріне ойын алаңын сыйға тартса, Ш.Жексенбаев атындағы орта мектепті 10 жыл бұрын бітіргендер мектеп кітапханасының кітап қорын толықтырып, ауылға «Жүрегім –  Ұялым!»  белгісін  орнатты. «Менің жүрегім – Ақ Бөрлі» сәулеттік белгісі де М.Бегалиева атындағы алтын ұяның 2008 жылғы түлектерінің демеушілігімен ауылды ажарландырып тұрса, 1998 жылғы түлектер ауылының кіре берісіне «Бөрлі ауылы» белгісін қойды. Соңғылары мектептің мәжіліс залын да жабдықтады.

Осы шаралар аясында Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің 1968 жылғы түлегі, техника ғылымдарының докторы, профессор Ермек Айталиев оқушылармен кездесіп, тағылымды әңгіме тиегін ағытты. «Атамекен» кіші бағдарламасының «Азаматтық бастамалар картасы» базалық жобасы аясында оздырылған бұл шараға қатысушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, толымды жауап та алды.

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырып, туған жерінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген түлектердің осынау игі істеріне бөкейліктердің үлкен-кішісінің ризашылықтары шексіз.

Зинур МҰХТАР,

аудандық әдістемелік кабинеттің меңгерушісі.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.