15.06.2018, 15:14
Қараулар: 183
Жаңа пәтердің кілті табысталды

Жаңа пәтердің кілті табысталды

Сайқын ауылының терістік беткейінен бой көтерген жаңа көшелер «Бәйге төбеге» қарай ығысып барады. Осы арадан сап түзеген жалпы құны 108,5 млн. теңгені құрайтын екіпәтерлік бес үй пайдалануға беріліп, 10 отбасы баспаналы болды. Су жаңа үйдің иелері қуанышын бөлісуге ауыл тұрғындары көптеп келді.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жиналғандарды «Нұрлы жер» бағдарламасы және Астана қаласының 20 жылдығына байланысты қолға алынған істердің барысымен, жаңа үйлердің оң қапталынан бисендік кәсіпкер Ермек Меңдешев спорт, ал, Орал қаласындағы жерлесіміз Қуаныш Бірманов балалардың ойын алаңын салып жатқанынан хабардар етіп, болашақта осы маңнан тұрғызылатын екіпәтерлік 16 және 26 үйдің құжаттары әзір тұрғанын жеткізді. Иелеріне (олардың дені әлеуметтік тізімде тұрғандар мен бюджеттік сала және мемқызметкерлер) пәтер кілтін табыстап, «Қоныс құтты болсын!» айтты.

Облыстық «Орал өңірі» газетінің редакторы, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдоллин отбасының, баспананың рухани да, материалдық та құндылық екеніне тоқтала келіп, Рамазан айында құрылысы аяқталған ғимараттың тұрғындарға жайлы боларына сенім білдірді. «Сыртын тал-терек пен гүлге көмкеріп, ішін бүлдіршінге  толтырыңыздар, үйлеріңізден ырыс, дастархандарыңыздан береке кетпесін»,-деп тілегін ақтарып, шекаралық аймақ тұрғындарының қай жағынан да үлгілі болуларын, ынтымақ-бірлік, қырағылықты сақтауларын құлаққағыс жасады.

Қоныс той иелері атынан аудандық балалар саз мектебі директорының орынбасары Айзада Тілепова сөйлеп, құрылысты салдыртқан, салған азаматтарға, пәтерді бөлген комиссия мүшелеріне алғыс жаудырды.

Ұл-келінің қуанышын бөлісе келген Галя Дүйсенова қонақтарды  шашу шашып қарсы алып, ақ ұсынды. Мұндай рәсім барлық пәтерлерде өтті.

Каримолла ҒАЙСИН.

құттықтаймыз

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.