6.11.2018, 15:11
Қараулар: 228
НЕКЕГЕ НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАЙТЫНДАР КӨП

НЕКЕГЕ НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАЙТЫНДАР КӨП

Бөкей орда аудандық соты ағымдағы жылдың он айында 46 азаматтық іс, 39 қылмыстық іс қараған. Адам саны жағынан облыста көштің соңында тұрған аудан ажырасу фактісі бойынша алдыңғы орында екен. Неке бұзуға қатысты 26 іс қаралып, 16-сы ажырасып тынған. Ал екі бірдей аудан тұрғыны қылмыстық іс туралы көпе-көрнеу жалған ақпарат беріп, жауапкершілікке тартылған. Ауыр қылмыс жасап, туғанына пышақ жұмсаған азамат төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл ақпарат билер кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен брифингте айтылды.

–Ажырасу, әсіресе, жастар арасында белең алып отыр. «Неке бұзуға себеп не?» деген сауалға арыз берушілер мінездерінің үйлеспеушілігін ғана алға тартады. Бұрындары жұмыссыздық, отағасы не анасының ішімдікке жақындығы, ата-ененің орынсыз араласуын себеп қылатын еді. Ажырасуға арыз берушілерден  Сайқын көш бастайды. Одан кейінгі орында Бисен мен Орда ауылдары. Қазіргі қоғам адами құндылықтардан алшақтап барады. Шаңырағын шайқалтып отырғандар да, бауыр, ағайындықтарынан жеке бас пайдасын артық көретіндер үй үшін дауласып, арақтың буымен бір-бірінің кеңірдегінен алуда. Бұл үрей тудыратын жайт, -деді аудандық сот төрайымы Гүлжиһан Сағитова.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ  

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар