11.09.2019, 14:34
Қараулар: 1095
«ОРДА ГҮЛДЕРІ» ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

«ОРДА ГҮЛДЕРІ» ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Қала күніне орай ұйымдастырылған «Жайықтың би әлемі» атты облыстық би фестивалінде ауданымыздың   маңдайалды «Орда гүлдерінің» ұл-қыздары да қатысып, үздіктер қатарынан көрінді.

Жастар мәдениет үйі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің,  қалалық әкімдіктің қолдауымен биыл  тұңғыш рет  ұйымдастырылған би сайысы  Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында өтті.

Бұл  кеште кәсіби хореограф Сәуле Сүндетова жетекшілік ететін үлгілі «Орда гүлдерінің» мың бұралған бишілері жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сондай-ақ, П.Атоян атындағы стадионда  ұйымдастырылған  «Әсем өлкем – Ақ Жайық» атты  қорытынды гала-концертке арнайы шақырту алып, оралдықтарды тағы бір тамсандыра түсті.

Мерекелік шараға әр ауданнан және қала орталығынан  жиылған өнерлі ұжымдардың жетекшілерін қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қабылдап, бекзат өнердің өркендеуіне үлес қосып жүрген хореографтарға зор алғысын білдіре, естелік сыйлықтарын тарту етті.

 Біздің анықтама.  Сәуле Сүндетова  аудандық мәдениет үйінде 1993 жылдан бері хореограф ретінде қызмет жасап келеді. «Орда гүлдері», «Назерке», «Надежда» би топтарының жетекшісі. «Орда гүлдері»  би ансамбліне 2007 жылы «Үлгілі өнерпаздар ұжымы» атағы берілді.

«Орда гүлдері» олжасыз емес. 2015 жылы Шымкентте өткен «Дарын – 2015» балалар мен жасөспірімдер арасындағы фестивальдің  бас жүлде иегері.

2016  жылы Атырауда өткен халықаралық «Жадыра, жас дарын» атты байқаудың Гран при иегері.

2018 жылы Ақтөбе қаласындағы  республикалық «Би ханшайымы Нұрсұлу» атты байқаудың І орын иегері.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар