21.05.2021, 10:47
Қараулар: 103
ҰСТАЗ БІТКЕННІҢ ҰЛЫҒЫ ЕДІ

ҰСТАЗ БІТКЕННІҢ ҰЛЫҒЫ ЕДІ

«Ұстаздық еткен жалықпас,үйретуге балаға,

Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға, – деген Абай атамыздың дана сөзі артында өшпестей із, өнегелі сөз қалдырған Таңат Айтжанов сияқты ұстаздарға арналған.

Биыл  сол бір ғазиз жанның туғанына 100 жыл толады. Ақтөбе педагогикалық училищесін тәмамдап келгенде мені әкелік қамқорлықпен қабылдап, ұлағатты тәлімгерім, әділ басшым болған еді.

Таңат ағамыздың мамандығы тарихшы еді. Оның үстіне Сталинград майданында толарсақтан қан кешкен, сұрапыл күндерді басынан өткерген қаһарман еді. Тағдырлы тұлға болатын.

Жұбайы Айжекен апай екеуі Күнсұлу, Баян, Мәдина, Айжан мен Аймандай бес қыз тәрбиелеген жарасымды жұп болды. Күнсұлуы әке жолын қуып, Ақтауда аты шыққан майталман маман танылды.

Ағайдың алдын көрген буын «Ұстаз қандай болуы керек?» десе, бір ауыздан «Таңат Айтжановтай болуы керек» дейтін. Таңат ағайымыз сегіз қырлы бір сырлы жан еді. Сабақ түсіндіргендегі сөз саптауы, әңгімелеуі мықты еді. Кез келген тентекті тарихқа ұйытып әкететін. Әсіресе, соғыс тақырыбындағы сабақтарда біріміз Кутузов, біріміз Наполеон боп, майдан даласында жүргендей әсерде болатынбыз. Мұхиттың әндерін тамылжытып орындайтын. Құмды ауылға таңсықтау көрінетін скрипканы да осы ағайымыздың арқасында жатырқамай, жақсы қабылдадық. Көп оқитын, көп жылдық еңбек өтіліне, мансабына қарамай, көп ізденетін. «Ұстаз асқан мәдениетті, сыпайы, тәртіпті, тәрбиелі болуы керек. Ел сендерге қарап, етек-жеңін жинайды. Сендер ауылдағы интеллегенцияның   өкілісіңдер. Мәдениеттің үлгісі, жаңашылдықтың бастауысыңдар» деп үнемі айтып отыратын. Өзі де осы сөздеріне сай адам еді. Ұжымды газет-журналмен достастырған да осы ағайымыз. Өзі газет-журналдан оқыған жақсы мағлұмат, мақаламен бөлісіп, жаңалыққа жаршы боп жүретін.

Ағайымыздың қолы да шебер еді. Ұжымды бір үйдің баласындай ғып ұстай білді.  Мектептің түрлі тірлігін атқаруда жастарға арқа сүйейтін, әркімнің қабілетіне қарай жұмыс тапсыратын.Таңат ағамыз сенім артып тапсырма берсе, соны дәреже санайтынбыз, ағайымыздың көңілінен шығу үшін бар ынтамызбен орындайтынбыз. Сол кездегі жас мамандар Ұлғаным Алшағырова, ерлі-зайыпты Аспандияр мен Роза Шәмеловтер, Рабиға Салауатова, Роза Иманғалиева, Бақыт Қабдрешова, Меңзипа Пазылтайова, Гүлбану Арыстанғалиева, Гүлбайра Көпбаева, Тұрсын Темірешова, Әлібек Менажев, Рысты Ислямова, Бағила Бияновалар тонның ішкі бауындай, бірге жүріп, бір мақсатқа жұмылдық. Сол бірліктің арқасында Таңат ағайымыз басқарған Темір Масин сегізжылдық мектебі білім жағынан да, спорттық шаралардан, түрлі слет, мәдени шараларда да алдыңғы орынды бермеді. Спорттық шара, слеттерге көбінесе Аспандияр екеуімізді жіберетін. Ол кезде көлемді шаралар Жәнібекте өтетін. Біздің оқушылар жеңіл атлетикадан жүлде бермейтін. Харес Аманғалиев, Темірхан Аманғалиевтерді Әмен Тұяқовтың көрсеткішін орындады деп мақтан тұтатын едік.

Қабира Сисенғалиева, Нұрғаным Шарипова, Жексенбай Мұқанғалиев, Қайдар Жалақанов, Сағат Арыстанғалиев, Меңдібай Өтешов, Гүлжиян Есмақова сияқты аға буын да біздерді қолдап, әр ісімізге тілекші болатын.

Таңат ағайымыз өзі өнерге жақын болғандықтан шығар, өскелең ұрпақтың да көркемөнерден алыс болмауына көңіл бөлетін. Тек хор шығарып, ән салып қана қоймай, түрлі көріністерді сахналайтынбыз. Мұндай жұмыстарға Аспандияр ағамыздың досы, бір ғана әнімен есімін өшпестей ғып қалдырған композитор

Темеш Әбілхатин да қолұшын беретін.  Өзінің «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнін  бірнеше дауыста айтылуын қадағалайтын. Осындай дайындық текке кетпейді. Алғашқы үштіктен түспейміз. Мұндайда мектеп басшысы ұжымына ризалығын білдіріп, төріне шақырып, қонақ қылып, құрмет көрсететін. Мұндай отырыстардың өзі рухани азық еді ғой. Отырыста Аспандияр мен Розаға, Рабиға Салауатоваға ән салдыратын. Роза мен Рабиға сол кезде «Орданың Бибігүл Төлегеновасы мен Роза Бағлановасы» деп танылған кезі. Рабиға анау-мынаудың орындауына көне бермейтін   «Қазақ вальсі», «Гәкку», «Ақ шағала» әндерін тамылжыта шырқайтын жаратылысы бөлек әнші еді. Розамызды Аспандияр мандалинамен не  Таңат ағамыз скрипкамен сүйемелдейтін. Бұлбұл құстай құйқылжыта ән салған Розаға разы болған ағаймыз:  «Роза шырағым, су екеш су да бетің жауып қойсан мөлдірлігінен айырылып бұзылады, саған көп ән айту керек, сенің даусың мөп-мөлдір ғой. Талантыңның бағасын біл, ән сал» деп ақылын айтатын.

Ақыл-кеңес демекші, жас маман тентек балаларды  жетектеп барып, шағым айтса, мұғалімге бағынбаған тентекті емес, жас маманның өзін оңаша алып қалатын.

– Шырағым, мамандығымды дұрыс таңдадым деп ойлайсың ба? – дейтін.

– Иә, ағай!

– Ендеше, тыңда, баланікі – білместікпен бүлдіру, тентек болу, оқытушының міндеті – білмегенін үйрету, бүлдіргенін түзету. Осыны дұрыс жолға қоя алсаң ғана мамандығымды дұрыс таңдадым дей бер. Сонда ғана нағыз  ұстаз боласың. Кішкентай деп баланың намысына тиме, бала тез өседі, ол ертеңгі азамат, – дейтін сабырлы жүзбен, салмақты үнмен. Ұққан адам оқушы жетектеп қайта алдына бармайтын.

Таңат Айтжановтың шәкірттері ғалым Задан Жұмағалиев, қарымды қаламгер Ғарифолла Көшенов, партия қызметтерін абыроймен атқарған Мырзаш Исмағұлов,  Чарлиз Қойшыбаевтар, айтулы ұстаздар Меңеш Сабыров, Ғиният Қарабалин, Жасқайрат Қарағойшиндер бүгінде аудан ғана, тұтас елімізге танылған тұлғалар.

Сондай шәкірттерінің бірі Берқайыр Қарағойшин Таңат ағайы, Қуанғали Ақтаев сияқты талантты басшылардан көрген ізбен жүріп, алған өнегесін іске асырып, мектеп абыройын биіктеткен басшы болды.  Берқайыр бауырымыз облыс орталығына шапқылап жүріп, мектебіміздің мәртебесін көтеріп, орта мектепке айналдырды. Берқайыр басқарған кезең де осы мектептің алтын дәуір болған еді. Бүгінде Ержан Баймұратов басқаратын мектеп ұжымы үшін осындай тарихы бар мектептің жетістігін жоймай, абыройын асқақтату аманат боп қалды.

Таңат Айтжановтың еңбегі кезінде бағаланды, түрлі марапаттарға ие болды. ұстаз үшін марапаттың үлкені шәкірттерінің ізгі ниеті, құрметі екені белгілі. ұстаз біткеннің ұлығы болған Таңат ағайымызға деген құрметіміз уақыт өткен сайын еселене түспесе, еш кеміген емес.

Қайролла САБИРОВ,

ардагер ұстаз,

Бисен ауылы

Бөкей ордасы ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар