16.04.2021, 11:47
Қараулар: 103
БІР КӨШЕНІҢ БАЛАЛАРЫ ЕДІК…

БІР КӨШЕНІҢ БАЛАЛАРЫ ЕДІК…

Зулап жатқан уақыт десеңізші… Кеше ғана бір көшенің шаңын шығарып, доп қуып, асық ойнап, пионер боп, «Зарницаға» қатысып жүрген біздер де  жетпісті алқымдап қалыппыз.

Біздің көшеде  Хабиболла Әлесов (Қабес), Жаңылсын Сахипова,  Дариға Қожаева, Қымбат Мұташевалармен сабаққа бірге барып, бірге қайтушы едік.

Ол жылдары Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің көзі тірі. Еңбекке қалмаған кезі. Олардың өзара қарым-қатынасы, бір-біріне ықыласы бөлек болатын, ол да бір төбе әңгіме. Хабиболланың әкесі гвардия капитаны еді. Ол кезде  мектептегі оқу тәрбие жұмысы да ерекше еді-ау, мұғалімдердің көбі ер адамдар, Ұлы Отан соғысына қатысқандар.

Оқытушыларымыз болашақты болжай алатын, шәкірттерді сол бағытта тәрбиелейтін, әр оқушының ыңғайын, қандай бағытта маман бола алатынын айқындай алушы еді. Сол кезде география пәнінің мұғалімі, кейіннен мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Есенғали Ізғалиев ағайымыз Хабиболлаға  «Менің Қазақстанымды» айттырып тыңдаушы едік, сол кездің өзінде бұл өлеңнің сазы, әсері өзгешелеу болатын. «География» оқулығының орысша және қазақша нұсқасын беріп, орысша айтуды талап ететін.

Кластағы, ауылдағы қайсыбір жаңашылдық Хабиболла арқылы тарайтын.  Алғашқы музыкалық аспаптардың электрлік түрлерін қолданушы да осы Хабиболла болатын.

Мектеп өміріне белсене араласып, мерекелік іс-шаралар Хабиболласыз өтпеуші еді, қабырға газеттерін шығарушы да, көркемдеуші өзі еді. Әсіресе     «Ошаған» атты әзіл-сықақ газетіндегі достық шумақтарды сыныптастары әлі күнге дейін жатқа айтады.

Азаматтық борышымызды өтеуге де бір мезгілде аттанып, бір мезгілде оралдық. Сырымыз да, жырымыз да бір, көрші, сыныптас, туыс болатынбыз.

Хабиболланың әкесі Мақсот ағаймен менің анам, Хабиболланың мамасы Сара апаймен әкем рулас еді.

Есейіп азамат болғасын, оңды солды таныған уақытта да байланысымыз үзілмеді. Хабиболла да, ұлы да университетте оқыған кезде, мен сол университеттің құрылымдық бөлімінің директоры едім. Бірақ маған көмек сұрап бірде-бір қолқа салмады, өз күштерімен, тірлігімен аяқтап шығып, мамандықтары бойынша қызмет атқарып, кәсіби маман екенін танытты.

Мен бұл сәттерді еске ала отырып әлі де кейбір мәселелер, ел ағаларының ізгі істері назардан тыс қалуда.Ауылдасымыз Темеш Абылхатин ағаның    «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнінің авторы екені, оның сирек, бұрмаланып орындалуы көңілге кірбің түсіреді.

Ал Хабиболланың өлең, жыр туындылары ұрпақтан ұрпаққа тарап түп нұсқасы жойылмайтынына ұлдары еңбектенеді деген сенімдеміз.

Ермек  АЙТАЛИЕВ 

   Орал қаласы