12.11.2021, 17:34
Қараулар: 137
«ҚАШАН ДА БАР БОЛЫҢДАР, НАРЫННЫҢ НАР ҰЛДАРЫ!»

«ҚАШАН ДА БАР БОЛЫҢДАР, НАРЫННЫҢ НАР ҰЛДАРЫ!»

«Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандарын білмейді. Өзінің тарихын білмесе, өз елінің тарихын жоғалтса, ол ел  артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», — деп Алаштың көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов айтқандай, жыл өтсе де, ғасыр өтсе де артымызға бір қарап, тарих беттерін парақтап, оны бүгінгі тәуелсіз ел ертеңімен байланыстыра алсақ, үлкен мақсаттардың орындалғаны емес пе? Біздің Құм Нарын – сондай тарихқа бай, сыры да, жыры да, құпиясы мен қазынасы да әлі зерттеуді қажет ететін рухани өлкелердің  бірі. Жыл басталғалы Бөкей Ордасының құрылғанына 220 жыл, Жәңгір хан мектебінің ашылғанына  180 жыл толу  мерейтойлары аясында көптеген рухани және  мәдени іс-шаралар өткізіліп келеді. Мектеп оқушыларының арасындағы осы тақырыптағы түрлі байқаулардан бастап, респубика деңгейіндегі ғылыми-практикалық конференциялар, ауыл, аудан, облыс көлеміндегі түрлі бағыттағы іс-шаралардың өтіп жатқаны баршамызға мәлім.  «Тойдың болғанынан боладысы қызық»,- деп дана халқымыз айтқандай, осы мерейтой жылы басталғаннан Хан Ордасы ауылының атқа мінер азаматтары мен әр саланың адамдары ұйымшылдықпен елге игі шараларды жасауды қолға алып, жұмыс жоспарларын құрған болатын. Осы ауылдың әкімі ретінде, ел азаматтарының өз туған жерлеріне деген патриоттық сезімдеріне тәнті болып, той біткен соң осы мақаламды жазуды жөн көрдім.

Алдымен, «Хан Ордасы» қоғамдық қоры құрылып, оған ауыл қожалықтары мен Орда жерінде туып, білім алған көптеген азаматтар қаржы аударып, соның нәтижесінде ауылдың кіреберісіне үлкен қақпа орнатылды. Бұл құрылыстың жүзеге асуына ауылымызда ірі шаруа қожалықтары «Береке»  қожалығының жетекшісі Еркін Жабасов және «Курорт» шаруа қожалығының жетекшісі Насихат Саматов, сондай-ақ,  ағайынды Нұртай, Асылбек, Нантай, Мейрамбек Ахметовтардың шаруа қожалықтары бір миллион теңгеден қомақты ақша аударса, Орда жерінің түлегі Фарида Антипова-Уразгельдиева бес жүз мың теңге, Асқарбек Ражманов төрт жүз мың теңге көлемінде ақша аударды. Сонымен қатар жүз мың  мен он мың теңге аралығында  көмек қолын созған ауылдастарымның да аты-жөнін жаза кеткенді жөн көрдім Олар: Л.Хайретдинов, Б.Ақпейісова, Б.Ғұбашев, Ж.Рысқалиева, Қ.Хамидуллин, Б.Мамбеталиев, Сейтақовтар әулеті, И.Қайсенов, Г.Мырзағалиева, Н.Бердіғалиев, М.Харекесов, Г.Карабалина-Вялых, М.Нажимов, Б.Сахауов, Е.Төленғалиев, А.Мұқаев, А.Каюпова, А.Наурызова, Ұ.Гилажиденова, Салимова (Алматы қаласы), Т.Қожахметов, Ғабдулина, «Қазсушар» мекемесі (жетекшісі М.Кенжеғалиев)  және ауылдың 1972 жылғы түлектері. Міне, осындай азаматтар мен ел жанашырларының арқасында ауылымызда сәнді де, биік қақпа құрылысы салынды. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру, әрине, оңай болған жоқ. Ауа райының қолайсыздығы, жолдың шалғайлығы, жол азабы  бұл жұмыстың тез жүзеге асып кетуіне, әрине, қолбайлау болғаны жасырын емес. Арнайы құрылыс заттарын шалғайдағы Маңғыстау, Атырау, Орал шаһарларынан Орда жерін жеткізу шаршатып та діңкелетіп те жібергенін қазір езу тарта еске аламыз. Осы орайда өз техникаларымен құрылыс заттарын жауын-шашынға қарамай жеткізіп берген ағайынды Ахметовтардың ерекше еңбегін атап кеткен жөн болар. Ауылға  сән берген, осыншама адамның жеке қаржысына тұрғызылған құрылыс нысанын бүлдірмей, сол қалпында сақтап,  жыл өткен сайын жаңартып отырсақ, бұл  да бір туған жерге деген құрмет болар еді.

Бөкей Ордасының 220 жылдығы, Жәңгір хан мектебінің 180 жылдығы аясында ауылдың 1994 жылғы мектеп түлектері Жәңгір хан ескерткішін орнатып, тағы бір тың жұмыс атқарды. Осы игі шараны жүзеге асыруда 1 миллион теңге қаржы жұмсалды. Бұл дегеніміз – түлектердің туған жерге деген тағызымы деп ойлаймын. Бұл нысанның ашылуы белгілі себептерге байланысты кейінге қалдырылып отыр.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»   мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының бір тармақтары биыл осындай игі шаралармен жүзеге асқанын ерекше мақтанышпен айтамын. Елбасымыз бұл  мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Сол себепті «Туған жер» бағдарламасын ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, Туған елге  ұласады» ,- деп атап көрсеткендей, туған жерге деген сүйіспеншілікті осындай ірі істері арқылы бөкейліктерден көре алмыз.

Қазан айының 22-23 күндері «Егер Бөкей көшпесе…» тақырыбы аясында Бөкей Ордасы аудандық әкімшілігі мен ауылдық округтардың қолдауымен осы мерейтойға арналған шаралар ұйымдастырылды. Шараға облыстан, көрші аудандардан, көрші Ресей жерінен қонақтар шақырылды. Бірінші күні саланатты жиын, мерекелік концерт, кешкі серуен, би кештері өткізілсе, келесі күні той дала қызықтарына ұласты. Бұл іс-шаралардың барлығы Хан Ордасы ауылында өткендіктен біздерге үлкен міндет пен жауапкершілік жүктелді. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дегендей, елдің абыройын түсірмей, мерейін асқақтату үшін ауыл адамдары болып түгелдей ат салыстық десем қателеспейтін шығармын. «Мен ордалықпын» деген әр азамат осы шараны өткізуде қолдау көрсетіп, демеу берді. Қонақүйлер мен жеке үйлерге қонақтарды қабылдап, мейрамханамызда қонақасын беру сияқты шығындардың бәрін осы ауыл тұрғындары көтерді. Мерейтой жеке демеушілердің ғана көмегімен жүзеге асқанын айта кеткен дұрыс болар. Осы орайда  қаржылай көмек көрсеткен, демеу жасаған, қонақтарға айқара құшағын ашып, елдігімізді білдірген ауылдастарыма  шексіз ризашылығымды білдіремін. Атап айтар болсам: Асқар Хамитов, Ғайнетден Иматалиев, ағайынды Өтеген, Саттар Адешовтер, ағайынды Жақсыбай, Сансызбай Қуанғалиевтер, Құрмантай Забесов, Радик Шамшиденов, Алик Көбейсінов, Бөкес Бекесов, Арсан Баетов, Бисен Төремұратов, Әділет Маутов, Мақсот Еділбаев, Дидар Тәкесов, Рауан Рысқалиев, Асыланбек Салауатов, Нуфтолла Ғұмаров сияқты азаматтар екі қонақүй мен мейрамхананы қажет-жарақтарымен, азық-түлігімен қамтамасыз етті. «Қыз Жібек» мейрамханасын «Рауан» шаруа қожалығының жетекшісі Рауан Мухамбетчин демеушілікпен тегін беріп, қолдау көрсетті. Сондай-ақ Еркін Жабасов,  Тарас Ибрашев, Ақылбек Әлсейітов, Айбек Ғұмаров, Әлібек Бердіғалиев, Асылболат Оңаев, Әбес Төлешев, Нұрлыбек Бекесов, Майдан Батыров, Талғат Саматов, Хаким Хасенғалиев, Гүлзада Шарипова, Гүлназ Ағайшанова, Мыңжас Бердіғалиев, Аягөз Түсіпқалиева, Амангелді Қайырболатов сияқты азаматтарымыз өз үйлеріне қонақтарды қарсылып, екі күн бойы құрмет көрсетіп, қазақтың тағы бір қонақжайлылық дәстүрін жасады. Міне, Орданың осындай азаматтарының арқасында мерейлі тойды абыроймен өткізіп, тағы бір елдігімізді көрсете алдық  деп ойлаймын. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, қиындықтар мен кейбір күрделі істерді осындай ел азаматтарының арқасында шешіп, жол таба білдік.  Ел үшін бірге күйіп, бірге жанатын, Орда жерін жақсы жағынан көрсетуге тырысатын кең жүректі, сөзімді қолдап жерге тастамаған осындай ауылдастарымның кең көңілі мен елдігі маған осы мақаланы жазуға  түрткі болды. Өз ауданымыздың төл басылымы арқылы барша ауылдастарыма алғыс айтып, ризашылығымды білдіремін.

Мерейтойдың жалғасы Нұрсұлтан қаласында өтетін республикалық ғылыми-практикалық конференцияға ұласқалы отыр. Оған Бөкей Ордасы аудандық тарихи-мұражай қорығының қызметкерлері қатысып, арнайы жинақ шығарып, Бөкей Ордасының  тарихын республика көлемінде дәріптеп келмекші. Ғ.Махимов бастаған ұжымға сәттілік тілей отырып, Орда жерінің мерейі асқақтай берсе екен дейміз.

Ойымды жергілікті ақын Ғайсағали Сейтақтың мына бір жыр шуақтарымен қорытындылағым келеді

Ұрпақтың дарын бәрі,

Шырқалар жалынды әні.

Қашан да бар болыңдар,

Нарынның нар ұлдары!

Медет СИСЕНОВ,

Орда ауылдық округінің әкімі