8.07.2021, 14:42
Қараулар: 32
«САРАЙ СЫРЫ» ТҮСІРІЛІМІ БАСТАЛДЫ

«САРАЙ СЫРЫ» ТҮСІРІЛІМІ БАСТАЛДЫ

Алматыда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Жәңгір хан туралы «Сарай сыры» тарихи телехикаясының түсірілімі басталды. Бұл телехикая – корпорацияның биыл түсіретін тарихи сериалдардың ішіндегі ең көпбөлімдісі. Алғашқы 12 бөлім Бөкей ордасында 1823-1845 жылдары билік құрған Жәңгір ханның тұлғасы, хандықтың ішкі өмірі мен сол кезеңнің кейбір тарихи сәттерін қамтымақ.

Жобаның көркемдік жетекшісі – Арман Сқабылұлы, қоюшы-режиссері — Бақыттас Санитас, продюсері – Шыңғыс Арманұлы. Телехикаяда Жәңгір хан рөлін Медғат Өмірәлиев, Фатима рөлін Әмина Мектепбаева, Исатай батыр рөлін Нұрлан Сағынаев, Махамбет Өтемісұлының бейнесін Дархан Сүлейменов сомдайды. Телехикая сценарийі бір жыл бойы жазылып, декорациясы үш ай дайындалды.

Арман Сқабылұлы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Жәңгір ханды экранға шығаруға он жыл дайындалғанын айтады.

– Президенттің телерадио кешені Бөкей хан туралы деректі фильм түсіретін болып, сценарийін жаздым. Материал жинақтауда Ресей, Қазақстан архивіндегі құжаттармен таныстым. Осы сапар барысында Жәңгірді жаңа қырынан таныдым. Бес-алты тіл білген, өте білімді тұлға. Тағдыры жұмбақ. Хан сарайының құпиясы мол. Мысалы, Жәңгірдің төрт әйелі болған, Фатимаға үйленгеннен кейін екі әйелі жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Жәңгір ханның өлімінің өзі құпия. Ол ұлы реформатор. Қазіргі жағдайды мысалға алып түсіндіре кетсем, пандемия, екпе күн тәртібіндегі мәселе ғой. Жәңгір хан осы шешек ауруын емдеуде Питерден арнайы маман алдырып, екпе жасатуды тұңғыш рет қолға алған. Еліміздегі пошта қызметін, ветеринария саласын сауатты түрде ұйымдастырған. Жәңгір – «Абай жолындағы» Құнанбай сияқты таптық идеологияның құрбаны. «Хан, бай деген жаман, озбыр деп, кедей жәбір көрген байғұс деп түсіндік. Фильмді түсірудегі мақсатымыз – Исатай, Махамбетті аласартпай, Жәңгірді биіктету, – деген екен.

ҚР Ақпарат және қоғамық даму министрі Аида Балаева түсірілім алаңында шығармашылық топпен кездесті.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ