29.07.2021, 12:48
Қараулар: 82
Естай РАШҚАЛИЕВ: «АҚЫН ДА, ЗАҢГЕР ДЕ  АР АЛДЫНДА ЖАУАП БЕРЕДІ»

Естай РАШҚАЛИЕВ: «АҚЫН ДА, ЗАҢГЕР ДЕ  АР АЛДЫНДА ЖАУАП БЕРЕДІ»

Құм Нарыннан түлеп ұшқан, бүгінде еліміздің әр қиырында еселі еңбек етіп жүрген  бөкейлік жерлестерімізбен хабар алмасып, сұқбаттасу газет ұжымының дәстүріне айналғалы қашан… Бүгінгі әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз де ауылдастарының мақтаулысы, ұлтжанды перзенті, заңгерлік пен ақындықты ұштастырған Естай Рашқалиев.

Батыс Қазақстан облысы Әділет департаменті  басшысының орынбасары Естай РАШҚАЛИЕВ:

«АҚЫН ДА, ЗАҢГЕР ДЕ  АР АЛДЫНДА ЖАУАП БЕРЕДІ»

–Естай аға, әңгімеміздің әлқиссасын балалық шағыңыздан бастасақ…

– Мен Бөрлі ауылының төл перзентімін. Сол кездегі Т.Масин атындағы кеңшардың №3 бөлімшесіне қарасты Куйбышев елді мекенінде балалық шағым өтті. Әкем мен анам мал бағудың қыр-сырын жетік меңгерген қарапайым еңбек адамдары-тұғын. Куйбышев дегеніміз 15-20 түтіннен тұратын шап-шағын ғана ауыл ғой. Кездейсоқтық болар бәлкім, кейін сол ауыл тарағанда ауылды тарату туралы шешімді нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің қызметкері ретінде мемлекеттік тіркеуден өткізуге тура келді. Қайткенмен, шаңын жұтып, топырағына аунап өскен бал мекенімнің тарап кеткені маған оңай тимеді. Бүкіл балалық шағым көз алдымда тізбектеліп өткендей қимастықпен құжаттарды бекіттім. Сол ауылдың бастауыш мектебінің табалдырығын 1985 жылы аттасам, 1995 жылы Бөрлідегі М.Бегалиева атындағы орта мектепті тәмамдадым. Ес білген шағымыз 90 жылдарға тап келді. Қиын уақыт, қат кездер еді. Мектебімізде отын болмағасын  интернат ғимаратында оқуымызға тура келді. Алайда, қатарластарым секілді бірден жоғарғы оқу орнына тапсырудың сәті түспеген-ді. Ауылда әке-шешемнің жанында 2 жылдай мал бағып, қолғабыс қылдым. Осылайша алғашқы еңбек жолым малшы-жұмысшы ретінде басталды.

–Негізгі қызметіңіз заң саласымен тығыз байланысты екенін білеміз ғой. Шығармашылық адамы үшін заң, құқық саласы тарлық етпей ме? Шығармашылық адамы деген романтика, қиялдың адамы, ал, заң, құқық саласын қатаң тәртіп, салқын деп қабылдаймыз. Осы бір-біріне қарама-қайшылықтың үйлесімін қалай тауып жүрсіз?

– Негізгі алғашқы бітірген мамандығым бойынша экономика және құқық негіздері пәнінің оқытушысымын. 1997 жылы А.С.Пушкин атындағы БҚГУ-нің тарих факультетіне қабылданып, оны 2001 жылы аяқтап шықтым. Алайда, өмірлік жолым құқық саласымен тоғысып, заң мамандығын кәсіби түрде қосымша игерген жағдайым бар. Шығармашылықпен айналысуға қазіргі қызметім еш кедергі етпейді. Әлбетте, жұмыстағы қарбалас, қызу тірлік өзім қалағандай өлең жазуға мұрша бермейтін жиі болып тұрады.  Қолым қалт еткенде ойларымды, бір-екі шумақтарды телефонымның дәптеріне  түртіп қоямын.  Шынтуайтына келгенде ынтызарлықпен, ерекше ықыласпен атқаратын жұмысың  шығармашылықпен пара-пар десем қателеспеспін. Күніне әр қилы адамдармен жүздесесің, заң аясында көмек сұрай келгендердің бетін қайтармай, ақыл-кеңесімізбен бөлісіп, шаруасын оңтайлы шешіп беруге ықпал етеміз.  Бірі алғысын айтады, бірі ашуын төгеді. Әлбетте, осындай жағдайлар біз секілді шығармашылық адамының көңіл-күйіне әсер етеді. Бір артықшылығы  заң, құқық саласында талдау мақалалар, заңдық кеңестер жазуға келгенде аса қиналмаймын, мақала жазуға оңаша уақыт бөлемін де жазып тастаймын. Сондықтан шығармашылық пен жұмыс бір біріне кереғар келмейді деп түсінемін.

–Өлеңіздің алғашқы тыңдарманы, сыншысы кім?

–Өлеңімнің алғашқы тыңдарманы да, сыншысы да өз айналам, бауырларым, достарым.  Студент кезімізде ұйқассын-ұйқаспасын  өлең жазудан алдымызға жан салмадық. Көбіне дәріс дәптерінің соңғы беттері  шумақтарға толып кететін. Әсіресе, әзіл қағытпаларымды оқытушылар жақсы қабылдайтын. «Студенттер көктемі» деп аталатын фестивальде «авторлық оқу» аталымы бойынша қатысып, ақын ретінде бағымды сынап жүрдім де. Кейін 1999 жылы азын-аулақ жазғанымды құшақтап, өзімнен үш  курс жоғары оқыған «Орал өңірі» газетінің журналисі Тоқтар Кенжеғалиевке апардым. Тоқаң Қазбек Құттымұратұлымен бір кабинетте отырады екен. Екеуі де ақын. Мені жылы қарсы алғаны былай тұрсын, өлеңдеріме жақсы деген бағаларын беріп, қуантып жібергенін ұмытпаспын. Көп кешікпей «Қауырсын қалам» айдарымен қысқаша өмірдерегімді бере отырып, жырларымды басылым бетіне жариялады.

–Ең алғашқы туындыңызды кімге арнап едіңіз?

–Алғашқы өлеңіме адал достық, туған жер арқау болды, яғни,  өлеңдерімнің дені туған ауылыма, Нарын құмына, достар арасындағы сый-құрметке  арналады. Кейбіреуі әлі де сақтаулы. Мектеп кезіндегі шимай-шатпағымды оқыған ұстазымыз Жеңіс Уәлиев «бағытың дұрыс, қаламың ұшталсын!» деп демегені бар. Сондай ұстаздарымыздың қолдауы азды-көпті талабымызды ұштаған болар деп ойлаймын. Осылайша, өлең менің өмірлік серігіме айналды.

–Әдетте, шығармашылыққа бейім өскен жандар сол саланың маңайынан алыстамайды ғой. Қателеспесем, аға-апаларыңыз құқық қорғау қызметкерлері. Әлде сол кісілердің жолын қуамын деп шештіңіз бе?

–Әкем мен анам қарапайым еңбек адамдары болса-дағы ұл-қыздарының кітапқа үңіліп, терең сауатты болуларына мән берді. Кішкентайымнан әдеби кітаптар жақын серігіме айналған-ды. Келе-келе оқи берген соң ба ішіме сөз сәулесі түскен болар… Әйтеуір бір сөз құдыреті өлең жазуыма түрткі болғандай. Уақыт өте келе өлең жазғанымды өзім де байқамай қалдым. 1997 жылдан бастап жазған-сызғандарымды жинай  бастадым. Аға-апаларым да жергілікті газетке мақала жазып тұратын. Бүгінде әрқайсысы заң саласында еңбек етеді. Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғысы да сол бағытқа бұратыны шыңдық екен. Мен де үлгі-өнегесімен дараланған үлкендердің жолын қудым. Жүрегім, болмысым шығармашылықпен үндессе де келешегімді осы заң саласымен байланыстыруды ұйғардым.

  • Қандай ақын-жазушылардың жазған-сызғанына үңілесіз?

–Жоғарыда кітапқұмар болғанымды айтып өттім ғой. Кітапқа үңіліп, қызығына еніп кеткенім соншалық бірнеше рет қойға қасқыр шапқанын байқамай қалғанмын бала кезімде. Мен қой кезегіне шыққан сайын осындай оқиғаларға ұшырайтынмын. Көңілім қалаған кітапты, шығарманы талғамай оқи беремін. Қазір де Ж.Молдағалиевтің «Кісен ашқан»  жинағын оқып жүрмін. Әлеуметтік желілердің ең пайдалы тұсы қандай ма ақын-жазушылардың сиясы кетпеген туындысымен танысып, көзайым болып жатамыз.

–Жыр жинағыңызды шығаратын уақыт келді деп ойлайсыз ба? Шығармашылық жоспарларыңызбен де бөлісе отырсаңыз…

–Бұл уақыттың еншісіндегі мәселе.  Қайткенмен оқырманға, әсіресе өлеңсүйер қауымға жол тартатын туындыны жарыққа шығару үшін   тыңғылықты дайындық керек-ақ. Әзірге досым, композитор Қуаныш Қисметовпен тығыз шығармашылық байланыстамын.  Қуаныштың «Достық туы», «Жастық дәурен», «Тәуелсіздік таңы», «Жәнібегім», «Өлеңмен енді өмірім» т.б әндерінің сөзін жаздым. 2017 жылы  Астана қаласында өткен  «Экспо-2017»  шарасындағы  Батыс Қазақстан күндеріне «Арайлы Астана» атты әнге арнайы сөз жазған болатынбыз. Шыңғырлаулық жерлес ағамыз Қайрат Темірғали ағамыздың  «Оралым» әніне өлең жаздым.

  • Қазіргі таңда әлеуметтік желіден бәрін көріп, біліп отырамыз. Соңғы уақытта фотоға түсіруге машықтанып жүрген сияқтысыз.

–Өте дұрыс байқапсыз. Суретке түсірудің қыр-сырын меңгеріп жүрмін. Қаламыздағы тарихи ғимараттарды, табиғат көріністерін суретке түсіргенді жақсы көремін. Орал қаласында шежіресі мол ежелгі нысандар керемет сақталып қалған, сонысымен де әйгілі. Ғимараттарды камераға таспалаумен қатар, тарихын оқып, ізденемін. Бір кездері қазақша «Уикипедияға» тіркеліп, өңіріміздің жер-су аттарын енгізуді бастап едім, қазір ол да аяқсыз қалып қойды. Алдағы уақытта жүйелі қолға алатыным анық…

–Туған ауылыңызға қаншалықты жиі келесіз? Елдегі болып жатқан қандай жаңалықтарға ерекше қуанасыз?

–Кіндік қаным тамған туған жеріме  жылына бір рет барып, ата-бабалар рухына тағзым етіп, құран бағыштаймын, ағайын-туыс, дос-жарандармен жүздесіп, арқа-жарқа боламын. Ел жақтағы жаңалықтардың жақсысына сүйсініп, жаманына күйініп отырамыз. Көптің көңілін алаң қылған жол мәселесінің көтеріліп келе жатқанына да біраз жыл. Бұйырса, сапалы, тақтайдай тегіс жолдың игілігін көретін күн алыс емес деп сенгіміз келеді. Ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жыл сайын жақсарып келетіні қуантады. Газ-су жүйесі әр үйге келіп тұр. Биылғы жаздың  жауын-шашынды болғаны шаруалардың жай-күйіне оң әсер етуде. Мал азығы суға кенелгені жақсы жайт. Әйтпесе, жылда қуаңшылыққа тап болған жерлестеріміздің мұңын еститін едім. Биыл егін егіп, тер төккеннің өнімі бітік, жеміс-көкөністері де молынан жарып шығады деп үміттенеміз.

–Ақын ретінде, заңгер ретінде де адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсыз?

–Мемлекеттік қызметте жүргеніме 20 жылдан асып барады. Әрдайым адал, таза қызмет ету – басты ұстанымым. Ақын да, заңгер де әділдікті ту еткен шыншыл болуы тиіс. Екеуі де ар дейтін жоғарғы соттың алдында жауап береді. Ақын арын жалау етсе, заңгер де әділеттілік үшін арын жалау етуі тиіс.

 

–Балаларыңыздың өлең шығаруға бейімділіктері байқалмай ма?

–Жаратқанға мың тәубе, төрт баланың әкесімін. Тұңғыш қызым Айбану М.Өтемісов атындағы заң факультетінің бірінші курсын тәмамдады. Екінші ұлым Асанәлі 8-сынып, Әмірем 6-сыныпта оқиды. Кенжемнің есімі Ахмат. Жасыратыны жоқ, балалар кітап оқуға зауқылары жоқ. Ұлым Асанәлі бастауыш сыныпта өлеңді тәп-тәуір жазатын еді, қазір музыка мектебінде белгілі күйші-домбырашы Асқар Кенжеғалиевтен дәріс алып жүр. Қалғандары  өнерге аса жақын емес, дегенмен, қандай мамандықты таңдаймын десе де қарсы болмаймын. Бастысы ұлтжанды, парасатты азамат болып өсулеріне бар күшімді саламын. Өнер атаулы қанмен берілетін дүние негізі. Бәлкім келешекте поэзия дейтін сырлы әлемге қадам басар…

–Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет! Жазарыңыз таусылмасын, аға!

Арайлым ЕСМАҒҰЛ