8.07.2021, 14:46
Қараулар: 99
МЕЙРАММЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

МЕЙРАММЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов БАҚ қызметкерлері күніне орай «Орда жұлдызы» редакциясының ұжымын қабылдап, мерекемен құттықтады.

– Журналистика – қызық та, жауапты мамандық. Күнделікті еңбектеріңізбен елімізде боп жатқан оқиғаларды елеп-екшеп, тарих беттеріне қаттап, қоғамдық пікірдің дұрыс қалыптасуына тер төгудесіз. Аудан тірлігіндегі кемшін тұстарымыз да, жетістігіміз де сіздің газеттен көрініс тауып, облыс, республика деңгейінде жария боп жатады. Алдағы уақытта да жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы боп, абыроймен еңбек ете беріңіз, – деп, алғысхат пен планшет тарту етті.

Үздік еңбегімен еленген тілшілер Арайлым Есмағұлова мен Еркебұлан Бисенғалиевке алғысхат табысталды.

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының І орынбасары Исатай Құрмашев, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Ержан Айтқалиев, аудандық аурухана басшысы Анарбек Белисанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ажығалиев пен Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарова да тілшілер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, игі тілектерін білдірді.

Өз кезегінде редакция басшысы Ұлпан Әнуарқызы:

– Арнайы уақыт бөліп, қабылдағаныңызға ұжым атынан алғысымды білдіремін. Өткен жылы 90 жылдықта да жиһазымызды жаңартып берсеңіз, осы жолы да біздің жұмысқа керек құрал беріп, әрдайым жоғымызды түгендеуге тырысасыз. Жазылым науқанында да үлкен қолдау білдіріп, үнемі басты назарда ұстап отырасыз. Осы кезге дейін сыни тұрғыдағы материалдарды да түсіністікпен қабылдап, жақсылығымызға тілекші боп келдіңіз. Осы жақсылықтарыңыз үшін рақмет.

Газет оқырманымен бай. Осы тұрғыда аудан үнжариясына ұжымын жаздырып, нәтижелі еңбек еткен әр мекеме басшысына айтарымыз алғыс қана, – деп ризашылығын білдірді.

Өз тілшіміз