27.05.2021, 15:33
Қараулар: 108
КІТАПХАНАШЫЛАР СЕМИНАРЫ

КІТАПХАНАШЫЛАР СЕМИНАРЫ

Аудандық мәдениет үйінде кітапханашылардың жоспарлы семинары өтті.

«Рухани жаңғыру: кітапханада ақпараттық кеңістікті дамыту. Заманауи әдіс-тәсілдер» тақырыбында өткен семинарда әр округтен келген кітапханашылар оқырманды тарту, олардың кітапқа деген қызығушылығын ояту бағытында ұйымдастырып жүрген әдістермен іс жүзінде таныстырды.

Мәселен, Орда ауылдық округі кітапханашылары «Бөкей хандығының құрылғанына 220 жыл» тақырыбында танымдық библио-ойын ойнатса, бөрлілік кітапханашылар қатысушыларға жебе атып, сауал таңдауға мүмкіндік берді. Бисендік кітапханашылар «Ақылды кітаптар» дефилесін өткізсе, мұратсайлықтар сурет негізінде Қазақстанның киелі жеріне саяхат ұйымдастырды. Саралжындық кітап насихатшылары жерлес композитор Тұяқберді Шәмеловтің шығармаларынан кітап көрмесін жасақтап, оның күйін күмбірлетті.

Семинарда «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» ақциясы аясында биыл жарық көрген 30 кітаптың таныстырылымы өтті.

Сонымен қатар кей танымал туындыларды смартфон көмегімен QR-код негізінде электрондық нұсқасын көшіріп алып оқуға болады екен. Бұл жаңашылдықты пайдаланудың жолын сайқындық кітапханашы Орынгүл Маралова таныстырды.

Шара барысында  облыстық жарысқа жолданған суреттердің көрмесі де, кітап картотекасының жаңаша нұсқасы да ұйымдастырылды.

Кітапханашылар  тың бастамаларды көріп, тәжірибе алмасты. Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтап, толайым табыс тіледі.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ