11.06.2021, 16:59
Қараулар: 120
НӘУБЕТ ҚҰРБАНДАРЫНА МЫҢ ТАҒЗЫМ

НӘУБЕТ ҚҰРБАНДАРЫНА МЫҢ ТАҒЗЫМ

 

«Қару аманаты»  саябағында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған митинг өтті. Іс-шараға аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева, аудан әкімінің орынбасарлары және басқа да мекеме қызметкерлері қатысты. Аталмыш шараға жиналған көпшілік саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым қылды. Өз кезегінде сөз алған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Тілеген Арыстанбеков:

-Өткен ғасырда халқымыз аса ауыр қасіретке толы кезеңді бастан кешірді. Ашаршылықтың ауыр зардабы мен қатар қазақ халқы сталиндік қанды террор мен репрессияның тауқыметін де жаппай сезінді. Жазықсыз жазаланып, шейіт болған азаматтарымыздың есімдері жадымыздан мәңгі өшпейді, –деді. Бұдан соң М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің директоры, тарихшы Жұбан Ғұмаров азалы күннің тарихынан сыр шертсе, кітапхана қызметкері Орынгүл Маралова Мағжан Жұмабаевтың «Сағындым» өлеңін оқып берді.  Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен қоғамдық кеңестің төрағасы Тілеген Арыстанбеков аудан жұртшылығы атынан ескерткішке гүл шоқтарын қойса, бас имам Қуандық Насыров жазықсыз опат болған ата-бабалар рухына құран бағыштады.

* * *

Аудандық балалар кітапханасында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай  «Тауқымет пен тағзым» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл шараға  «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының І орынбасары Исатай Құрмашев, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Райымбек Құрманғазиев, теолог Мұратхан Нәбиғалиев, студенттер мен  кітапхананың байырғы оқырмандары да қатысты.

Дөңгелек үстелге жиналғандар азалы күннің тарихына тоқталып, жаппай қуғындалған ел азаматтарының ерліктерін, ұлт үшін атқарған ерен істерін кеңінен әңгімеледі. Зейнеткер Балғаным Темірәлиева әкесі Сұлтан Темірәлиевтің де  Сталиннің салқын саясатының құрбаны болғандығын еске алса, Сейсемәлі Қуанышәлиев  «алаштықтардың игі ісін бүгінгі ұрпақ естен шығармауы тиіс» деп өрелі ойларымен бөлісті. Шара барысында кітапхана қызметкерлері Әсемгүл Абдушева «Тауқыметті жылдар тағдыры» тақырыбында баяндама оқыса, Лаура Мырзагереева Қазақстандағы ұжымдастыру саясаты тақырыбына  бейнешолу жасады.  «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты кітап көрмесін кітапханашы Гүлзат Темірханқызы таныстырды.

 

Арайлым Фарит