21.05.2021, 10:41
Қараулар: 192
ОРАҚАҢДАЙ БІРТУАР АЗАМАТ ӨТКЕН

ОРАҚАҢДАЙ БІРТУАР АЗАМАТ ӨТКЕН

Біздің аудан тарихымен, шежіресімен киелі.  Қилы-қилы кезеңдерде, сыңдарлы саясатқа төтеп берген Бөкей құмы біртуар азаматтарымен айбынды. Сондай бірегей тұлғаның бірі – Оразбай Ділмашевтің туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Орақаң 1921 жылы 3 наурызда Орда ауданының Бисен ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Ғайнолла, Ғайнолланың әкесі Қуанышәлі діни білімі ерекше жоғары адам болған. Мешіт ұстап, ауылдастарын имандылыққа, салауаттылыққа насихаттаған.  Қазірде Бисен ауылының құмында Қуанышәлі мешіті деген жердің атауы тұрғындардың есімінде сақталған. Оның ұлы Ғайнолланы  көре қалдым. Ол кісі де иманжүзді, ескіше оқыған, кішіпейіл, қамқор адам болатын.  Оның Жұмағұл  деген үлкен ұлы менің әкемнің қарындасы Қабибаға үйленген. Сол жездемнің інісі Орақаңды жастайымнан танып, жақсы  қарым-қатынаста болып, сыйласып жүрдік. Олардан үлгі-өнеге алып өскен ұрпақтың бірімін.

Орақаң 1936 жылы Бүкілодақтық коммунистік жастар одағының мүшесі, комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет атқарады.  1942 жылы әскер қатарына шақырылып, 21 жасында майданға аттанады. Ростов бағытында соғысты. I Белорус майданында, Одер өзені үшін болған шайқасқа, Берлинді алу операциясына қатысты. Ерен ерліктің куәсі ретінде Оразбай Ділмашев «Сталинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Ерлігі үшін» «Берлинді алғаны үшін» медальдармен, ордандермен марапатталған. Туған жеріне 1945 жылы Жеңіспен оралған соң Орал педагогикалық институтына түсіп, 1951 жылы оқуды тәмамдайды.

«Мәңгілік Жәңгір ханнан қалған мұра» деп жерлесіміз жырлағандай, 180 жылдық тарихы бар мектепте 20 жыл ұстаздық қызмет атқарып, саналы ғұмырын білім беру ісіне арнады. Ұстаздық қызмет атқара  жүріп, ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 1967 жылы Ордада Жәнібек аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыруымен «Әкелер даңқы жолымен» атты слет өткізілді. Оразбай аға сол слеттің басы-қасында жүрді, жауапты болды.

1973-1980 жылдары Орда ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарған кезінде Орақаң республикалық байқауға қатысып, биіктен көрінді. Еңбегі еленіп, марапатталды. Сонымен қатар ауылдың тазалығын сақтауда, шалғайдағы малшы-шопандарды саудамен, медициналық, тұрмыстық заттармен қамтуда үлкен жұмыстар атқарды. Орақаң өзіне тапсырылған қызметті үлкен-кіші, қоғамдық демей, асқан жауапкершілікпен қарады.

Зейнеткерлік жасқа шықса да, еңбектен қол үзбей әкімшілікте, 1985 жылдан бастап Орда орман шаруашылығында қызмет атқарды.

Орақаң ауданда талай беделге ие болды, аудандық партия конференцияларына делегат болды, аудандық совет сессиясына қатысты, депутат болды.

Орақаңның жұбайы Зәкия апай да осал жан емес. Кезінде аудандық комсомол жастар ұйымының I хатшысы болып жұмыс атқарады. Аудан жастарын білімге үндеу, мәдениетке тәрбиелеуде үлкен жұмыс атқарды. Белсенді еңбек етті. «Құрмет белгісіне» ие болды.

Орақаң 1988 жылы дүниеден озды. Оның елге сіңірген еңбегі елеусіз қалмай, Хан ордасының бір көшесіне есімі берілді.

Ал, Орақаңның өткен өмірі, еңбек жолы, белсенділігі мен  азаматтық ұстанымы – ұрпаққа ұран, елге мұра.

Чарльз ҚОЙШЫБАЕВ,

  Бөкей ордасының құрметті азаматы