11.06.2021, 17:44
Қараулар: 54
ЖАҢА СОТ ТӨРАҒАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ЖАҢА СОТ ТӨРАҒАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан басшысы Нұрлан Рахымжановтың төрағалығымен жиын өтті. БҚО сотының судьясы Әлібек Ахметов жаңадан тағайындалған аудандық сотының төрағасы Олжас Миралиевті таныстырды.

БҚО сотының судьясы Әлібек Ахметов жиналғандарды жаңа төрағаның өмірбаянымен таныстырып, біраз жылғы еңбек өтілін де атап өтті. Айта кетелік, Олжас Қуандықұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының тумасы. Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті (2010 ж), ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының (2013 ж) түлегі. Ең алғашқы қызмет жолын 2009 жылы Қызылорда қалалық сотының жетекші маманы, сот мәжілісінің хатшысы ретінде бастаған. Әр жылдары  Қызылорда облыстық сотының жетекші маманы,  Қызылорда аумақтық бөлімінің сот орындаушысы,  қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сот жасауылы, кейін осы соттың бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы қызметін атқарған. 2016 жылдың ақпанында БҚО, Қаратөбе аудандық сотының судьясы боп батыс өлкесіндегі қызметін бастаған.  2021 жылғы 31 мамырдан бастап Бөкей ордасы аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды.

Шара аясында аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов бірнеше жыл бойына ауданның сот саласында жемісті еңбек қылып, зор жауапкершілік пен кәсіби біліктілігін байқатқан Гүлжихан Сағитоваға аудан жұртшылығы атынан ризашылығын білдіріп, алғысхатпен марапаттады.

–Қара қылды қақ жарып, заңды да әділ шешім шығару әр заң өкілінің бұлжымас міндеті. Қызметтегі адалдығыңыз бен мол тәжірибеңіз, адами болмысыңызбен елдің алғысына бөлендіңіз. Бөкей ордасы ауданы даулы істерді оңтайлы шешуде, медиация ісін ілгерілетуде де жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл аталған жетістіктер алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз–,деп ақжарма лебізін жеткізген ол жаңадан сайланған сот төрағасына да қош келдіңіз айтып, қызметіне сәттілік тіледі.

 

Арайлым ФАРИТ