27.05.2021, 15:39
Қараулар: 37
ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛАУ КЕРЕК

ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛАУ КЕРЕК

Аудандық мәслихаттың экономикалық дамуы,  ауылды дамыту, бюджетті орынды пайдалану, құқық қорғау, қоғамдық тәртіп сақтау жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Комиссия төрағасы Ермек Меңдешев төрағалық еткен бұл жиында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жалғас Ташуов  әлеуметтік нысандардың қысқы маусымға дайындығы туралы мәлімдеме жасады.

2021-2022 жылғы жылыту маусымына 69 нысан кіреді, соның ішінде, мәдениет саласы бойынша – 28 нысан, білім  беру саласы бойынша – 23 нысан, денсаулық сақтау  саласы бойынша – 18 нысан. Осы 69 нысанның 46-сы бу қазандарымен (газ), 9-ы электр қуатымен, қалған 14-і қазандық пеш арқылы жылытылады.

Күзгі-қысқы жылыту маусымына  аудандағы бюджеттік мекемелерді жылыту үшін 90 тонна қатты отын сатып алу жоспарланған. Хан ордасы ауылдық округіне қарасты Қарасу елді мекеніндегі бастауыш мектеп пен медициналық қызмет көрсету пункті, осы округке қарасты Сейтқали елді мекені, Мұратсай ауылдық округіне қарасты Әжен мен Тайғара елді мекендеріндегі, Сайқын ауылдық округіне қарасты Жәрмеңке елді мекені, Ұялы ауылдық округіне қарасты Кеңой елді мекеніндегі денсаулық нысандарына көгілдір отын жеткізілді.

Күні бүгін барлық әлеуметтік нысан толықтай жұмыс жасап тұр. Аудан аумағындағы электр энергиясымен, газбен және сумен жабдықтау обьектілері апатсыз жұмыс жасауда, олардың жұмысы үнемі бақылауда.

Алайда аудан аумағындағы электр желісі сымдары мен электр бағаналары түгелдей тозып, толықтай ауыстыруды қажет етеді.

Осы жиында тұрғын үйлердің газбен жылыту қондырғыларын тексеру немқұрайлылықты көтермейтін шаруа екені айтылды.

  • Күн ара еліміздің әр түкпірінде осы газдың салдарынан тұтас бір отбасының мерт болғандары туралы суыт хабарлар жиі берілетіні рас. Осы қайғылы жайттың біздің ауданда да орын алмасына кім кепіл? Осы мәселенің алдын алу да қыстың қамын жаз ойлап, алдын ала тексеріп алсақ. Осы жұмыстарды жүзеге асыруға қажетті мамандардың тапшы екені рас. Аудандық жұмыспен қамту бөлімі кәсіби даярлау курстарына жұмыссыз азаматтарды жібергенде осы мәселені де қаперлеріне алса, екі жақты тиімді болар еді, – десті аудан депутаттары.

Баяндамашы Жалғас Ташуов арнайы жұмыс тобы құрылып, аз қамтылған және арнайы есепке алынған азаматтардың үйлеріне барып, газ қондырғысының жұмысын тексеру жоспарға алынғанын айтты. Ал жылыту қондырғысының жай-күйін тексеріп алғысы келетін тұрғындар Уәлихан Халин сияқты жеке кәсіпкерге хабарласып, қызметіне жүгінулеріне болады.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ