8.07.2021, 14:49
Қараулар: 78
ЖҰМЫС КӨП, ЖҰМЫСШЫ ЖОҚ

ЖҰМЫС КӨП, ЖҰМЫСШЫ ЖОҚ

Жаз басталды еститініміз – «тракторшы жоқ», «150-180 мың теңге жалақыға дала жұмысына баратын адам жоқ» деген сөз. Осы және басқа да кәсіпкерлік субъектілер тарапынан туындаған мәселелер бойынша Zoom платформасында жиналыс өтті. Түйткілді мәселені қозғаған шара облыстық «Атамекен» КП Өңірлік кеңес мүшесі Назымгүл Оразгелдиеваның ұйымдастыруымен өтті. Күн тәртібінде тек жұмысшы тапшылығы ғана емес, дала жұмыстарына берілетін дизель отынына қатысты да мәселе қаралды.

Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов:

– Облыстық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік басқармасынан жүз тонна дизель отыны бөлінді. Дәл қазіргі таңда сәуір-мамырда 20 тоннадан, маусымда 40 тонна дизель отыны беріліп отыр. Бір айта кетерлігі, шаруа қожалығы иесінің жағармайды облыс орталығынан ауылға өзі жеткізіп алуы керек. Дизель отынының бір литрі – 161 теңге. «Батыс арна» ЖШС отынды жеткізу қызметін де ұсынады. Онда литріне 8 теңгеден қосылады.

Екінші мәселе шаруа қожалықтарындағы жұмыс күшінің тапшылығы таласты тақырып болды.

– Ауданда тіркелген 542 шаруа қожалығының 20%-ы ғана жұмысшыларымен келісімшарт жасасып, тиісті төлемдерін аударып тұрады. Басым көпшілігінде қожайынның өзінен басқа ешкім тіркелмеген. Мыңғырған малды, мал азығын дайындау науқанын бір не екі кісімен жүзеге асыру мүмкін еместігі бәріне белгілі. Бір жағынан, жұмысшылардың өздері де келісімшарт жасауға аса ынталы емес. Біріншіден, келісімшарт ресімделсе, шығын болған малды өндіріп алады деген қорқыныш бар. Екіншіден, жарна ұстап, төлем аударса, атаулы әлеуметтік көмектен айырылып қаламын деген жаңсақ пікір бар. осы орайдағы түсінік жұмыстарын ширату керек, – деді аудан әкімінің орынбасары.

– Жұмысшы тапшылығы тек бүгін ғана туындап отырған мәселе емес. шараны өткізудегі басты мақсатымыз – кәсіпкерлер мен атқарушы билік, мүдделі органдар арасында алтын көпір болып, осы мәселенің оңтайлы шешім табуына септігімізді тигізу, – дейді шара ұйымдастырушысы Назымгүл Оразгелдиева.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ