Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде (ӘРПК) істердің соттылығының белгілі бір ерекшеліктері бар. Ерекшеліктер жиынтығына қарай әкімшілік істер ҚР Жоғарғы Сотының құзыретіне немесе жалпы соттылығы бойынша нақты соттың құзыретіне жатады. Бұл соттылық деп аталады.
Әкімшілік іс жүргізу мамандандырылған ауданаралық және оған теңестірілген әкімшілік соттармен, оның ішінде аудандық сотпен жүзеге асырылады.
Талап қоюшы өтініші бойынша, мамандандырылған ауданаралық және оған теңестірілген әкімшілік соттардың соттылығына жатқызылған істерді мамандандырылған ауданның қарауындағы істерді қоспағанда талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша сот қарауы мүмкін.
Бұл ереже талап қоюшыға өзіне жүгінуге ыңғайлы сотты таңдауға құқық береді. Яғни, мамандандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына немесе тұрғылықты жері бойынша аудандық сотына жүгіну құқығы көзделген.
Аудандық соттар әкімшілік істерді талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша мынадай шарттар сақталған жағдайда: талап қоюшының соттылығы туралы өтінішінің болуы, сонымен қатар, егерде талап қоюшы жеке тұлға болса және қойған талабының өзі оның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруымен байланысты болмаса қаралуы мүмкін.
Соттармен әкімшілік іс жүргізу тәртібімен жария-құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар болған жағдай да соттылық белгіленеді.
Мәселен, салық заңнамасы саласында бұл салықтық тексеруді тағайындау туралы нұсқамаларымен дауласу, камералды бақылаудың тексеру нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтар жөніндегі хабарламалармен дауласу, құжаттарды тексеру нәтижесі жөніндегі хабарламалармен дауласу.
Кеден заңнамасы саласында – кедендік төлемдер бойынша берешекті өндіру туралы хабарламаларды заңсыз деп тану туралы сот ісін жүргізу, камералды кедендік тексерулердің әр түрлі хабарламаларын заңсыз деп тану туралы сот ісін жүргізу.
Мемлекеттік сатып алу саласында – мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысымен дауласу, аудит нәтижелері бойынша нұсқамалардың және бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың заңдылығын тексеру.
Жер қатынастары саласында – жер учаскесін ұсыну немесе ұсынудан бас тарту туралы жергілікті атқарушы органдардың шешімдері мен қаулылары. Сондай-ақ, сот орындаушыларының әрекеттері мен әрекетсіздіктеріне шағым болуы мүмкін.
Аумақтың соттылықтың ерекшелігі – әкімшілік істер әкімшілік актінің шығарылған жерінде немесе жауапкердің орналасқан жерінде, талап қоюшының тұрғылықты (орналасқан) жерінде қаралуға жатады.
Электронды түрде шығарылған әкімшілік акт талап қоюшының тұрғылықты жері (орналасқан жері) бойынша қаралады.
Әкімшілік органға оның аумақтық бөлімшесінің, филиалының, өкілдігінің қызметінен туындайтын талап аумақтық бөлімше, филиал, өкілдік ету олардың орналасқан жеріндегі сотқа беріледі.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде моральдық өтеу туралы талап-арыздар қаралмайтынын есте ұстаған жөн. Моральдық зиянды өтеу туралы талап азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.
Әкімшілік актімен, әкімшілік әрекетпен (әрекетсіздікпен) ұштасқан жауапкер келтірген залалды өтеу туралы талапты мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот қарайды.
Талап қоюшы бірнеше талап қою талаптарын, егер олар бір жауапкерге қойылса, өзара байланысты болса және оларды қарау бір соттың құзыретіне кірсе, бір талап қоюға біріктіре алады.
Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, әртүрлі сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жататын бірнеше талапты бір іс жүргізуге біріктіруге жол берілмейді. Бұл ретте жария-құқықтық дауларға қатысы жоқ және бөлуге жатпайтын талаптар бөліп көрсетілуге және соттылығы бойынша тиісті аудандық (қалалық) сотқа жіберілуге тиіс.
ӘРПК 108-бабының нормасына сәйкес, әкімшілік істі бір соттың іс жүргізуінен басқа сотқа беру:
Соттылық қағидалары сақтала отырып, соттың іс жүргізуіне қабылданған және сот отырысында қарауға тағайындалған әкімшілік іс, егер оны қарау барысында ол басқа соттың соттылығына жатқызылса да, ол мәні бойынша қаралуға тиіс.
- Егер:
1) әкімшілік істі осы сотта қарау кезінде оның іс жүргізуге соттылық қағидалары бұзыла отырып қабылданғаны анықталса;
2) бір немесе бірнеше судьяға қарсылық білдірілгеннен кейін не басқа себептер бойынша судьялар ауыстырылса немесе әкімшілік істі осы сотта қарау мүмкін болмаса;
3) осы Кодекстің 107-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер туындаса, сот әкімшілік істі басқа соттың қарауына береді.
Әкімшілік істі басқа сотқа беру немесе әкімшілік істі басқа сотқа беруден бас тарту туралы соттың ұйғарымы шығарылады, оған шағым жасалуы мүмкін. Әкімшілік істі басқа сотқа беру – шағым жасау мерзімі өткен соң, ал шағым берілген жағдайда шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы соттың ұйғарымы шығарылғаннан кейін жүзеге асырылады.
Екі тарап сот айқындаған соттылықпен келіскен жағдайда, олардың жазбаша өтінішхаты бойынша әкімшілік істі бір соттан екіншісіне беру туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жүргізіледі.
Олжас МИРАЛИЕВ,
аудандық соттың төрағасы