16.04.2021, 10:10
Қараулар: 146
БРАКОНЬЕРЛЕР ҰСТАЛДЫ

БРАКОНЬЕРЛЕР ҰСТАЛДЫ

Полиция қызметкерлері 800-ден астам киік мүйізін тәркіледі. Бұл мүйіздердің құны шамамен есептегенде 2 млрд. теңгені құрайды. Тергеу барысында ұсталған адамдардың басқа да қылмыстарға қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта олардың сыбайластары мен мүйіздерді өткізетін орындары анықталуда.

​ ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің және БҚО ПД-ның қызметкерлері арнайы операция өткізіп, нәтижесінде Бөкей ордасы ауданының 1982 ж.т. және 1994 ж.т. үш тұрғынын ұстап, олардан 8 қапшыққа салынған 805 киік мүйізін тәркіледі. Ұсталғандардың айтуынша, 2020 жылдың күзінен бері осы уақытқа дейін өлген киіктердің мүйіздерін кесіп алып, болашақта өткізіп жіберу үшін сақтап келген екен.

2021 жылдың 10 сәуірінде  ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды, оның ішінде биологиялық және трасологиялық сараптама түрі де бар. Ұсталған адамдардың қылмыстық әрекетінің салдарынан келтірілген шығын шамамен есептегенде 2 млрд. теңге.

Қазіргі уақытта таяу шетелдерде осы киік мүйіздерін көтерме бағамен сатып алумен айналысатын адамдарды анықтау үшін жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

​ Киіктерді заңсыз атумен және оның дериваттарымен заңсыз айналысумен байланысты қылмыс Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігі бойынша бөлек қарастырылады. Осы бапқа сәйкес киіктерді, олардың дериваттарын, соның ішінде мүйіздерін заңсыз аулау, жою, заңсыз табылған киіктерді сатып алу, сақтау, өткізу, әкету, әкелу – бұл бойынша 3 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

2020 жылы киіктің дериваттарымен заңсыз айналысу бойынша 61 факті тіркеліп, 30 іс сотқа дейін жетті. Оның 15-сі бойынша ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлімі 2-тармағымен қысқарту туралы шешім қабылданды, 14-і бойынша тергеу мерзімі үзілді.

Биыл 17 факті тіркелді, оның ішінде 8 факті бойынша іс сотқа жолданып үлгерді, қалған фактілер бойынша тергеу жүргізілуде.

Тимур АРТЫҒАЛИЕВ,

Бөкей ордасы аудандық полиция бөлімінің

әкімшілік полиция бөлімше бастығы,

полиция капитаны