29.07.2021, 11:47
Қараулар: 128
«БЕРЕКЕ ҚАНАҒАТТА»

«БЕРЕКЕ ҚАНАҒАТТА»

Бибінұр бала кезінде анасы Марфуғадан үйренген тігіншіліктен нәпақасын айырып отыр. Кейіпкеріміз бізбен әңгімесін:

  • Тігіншімін деп те айтуға келмес. Менікі жай әншейін төсек жабдығын тігіп, көрпе-төсекше жасау ғой. Тігіншімін деп алдына келген адамның талғамына қарап көйлек, юбкасын, керек десең, костюмін тігіп беретін, ескі үлгідегі көйлек-көншікке жаңаша «дем» салып, қазіргі сәнмен әдемілеп беретін шеберлер ғана айтар. Менікі жай әншейін төсекше жасау ғана, – деп қысыла-қымтарыла бастады.

«Жай ғана көрпе-төсекше жасау ғана» деп қабілет-қарымын айшықтап айтып, мақтанға салынбай отыр. Сол көрпе-төсекшені жасау да екінің бірінің қолынан келмейді. Төсек орын жасаудың өзі біле білгенге үлкен еңбек. Еңбек болғанда қандай?! Иісі алты шақырымнан менмұндаған шуаштың иісін кетіріп, жүнді тазалап жуып алудың өзі қияметтің қияметі. Иісі кетіп, әбден тазарған жүнді түтіп шығу да анау-мынау жүйкесі шыдас бермейтін шаруа. Түтілген жүнді төсекше, не көрпе ғып жасап, қабып тігіп шығуың тағы да өз алдына бір өнер. Дұрыс қабылмаған көрпе-жаймаңның жүні қашып, күні ертең-ақ ту-талақайы  шығады.

  • Бұл өнерді анамнан көріп өстім. Анам «заты әйелдің бәрі көрпе-төсекшесін өзі жасап, өзі тігуі керек. Өз дүниесін өзі құрай алмаған олақтың жоғы түгенделмейді» деп үнемі айтып отыратын. «Ана көрген тон пішер» демекші, анамыздан көргенімізді жасап жүрміз. Жұмыс жоқ. Үйдің тірлігімен ғана жүрген едім. 2020 жылы грант алу үшін арнайы курстан өтіп, бизнес жоспарымды өзімнің қолымнан келетін дүниеге шақтап жасадым. 550 000 мың теңгемді алып, машина, сабау, ыдыс, жуу құралдарын, мата т.с.с материалдарды алдым. Сөйтіп, бірінші тапсырысымды қабылдадым. Қыз ұзатқандар қыз жасауына төсек орнын жасатса, көрші-көлем, ауылдастарым он-он төсекшеге тапсырыс берді. Тапсырыс үзілмейді, көп деп айта алмаймын. Бұйырғаны. Қалада мақтадан жасалған төсекшелер сатылады. Жүн төсекшемен салыстырғанда едәуір арзан. Қалтасының пайдасынан қарай мақтадан жасалғанын алып жатады. Оған талас жоқ қой. Сапаны жоғары бағалайтындар қымбатсынбай тапсырыс береді. Мен төсекшені алты мың теңгеге, көрпені түйе жүнінен он бес мың теңгеге жасаймын. Жүнді сатып аламын. Түйе жүнін келісін 500 теңгеден, қой жүнінің келісін 100 теңгеден аламын. Көбінесе, құмды өңірдің қой жүнін пайдаланамын. Таза болады. Жүнді қолмен өзім түтемін. Қазір Аллаға шүкір, бар мүмкіндік ауылда да жасалып жатыр ғой. Қол еңбегін жеңілдететін жүн түту станоктары да бар. Бірақ мен қолмен түтемін. Станокқа салғанда ысырап көп. Жүннің үштен бірін ғана түтіп шығарады.
  • Табиғи материалдың жөні бөлек қой. Қой мен түйе жүнінің емдік қасиеттері ата-бабамыздан белгілі. Мысалы, мына түйе жүнін жүн емес, түбіт десе болады. Қылшықты қой жүніне қарағанда түйе жүнінде мамығы көп, өлі түгі және шайыры жоқ. Түйе жүні мықтылығы, жеңілдігі және жұмсақтығымен де ыңғайлы. Түйе жүнінен тоқылған орамал, кеудеше, шұлық суық өткізбейді, ал одан дайындалған көрпелер жиырылып қалмайды. Көрпеге салуға  жақсы, жеңіл әрі жылы болады, қылшық шықпайды. Базарға барып қарасаң,  түйе жүн көрпеге сұраныс жоғары. Бағасы да мақта, синтетикалық талшықтардан жасалған көрпеге қарағанда әжептәуір жоғары. Қой жүнінің де емдік қасиеті көп. Халық емшілігімен айналысатын бір қария «басым ауырады» деп шағымданған жас жігітке: «Шүйдеге, қарақұсыңа қойдың бір уыс жүнін күнде басып жат, құртты сорпаға, болмаса қайнаған суға езіп ішіп отыру керек, сонда бастағы, денедегі қан қысымы реттеледі» деген екен. Сөйтсе, қой жүні қан тамыры сырқаттарына бірден бір ем екен. Қазір керім боп, қойдың шуашынан жиіркеніп жатамыз. Сол шуаштың өзінің емдік қасиеті бар екен. Қазір жүннен қолдан тоқыған шұлық, қолғап киюді де қойдық. Құрамында денсаулығымызға зияны тиетін химиялық заттар бар киімді киіп, зардабын тартып жүрміз.  Қолда бардың қадірін білмейміз ғой. «Шуаш сасиды» деп синтепон жамылып, сол синтепонды төсеніш қылып жүрміз ғой. Тіпті кигеніміз де синтетика мен синтепон. Бұл озғанымыз ба білмеймін, – дейді Бибінұр.
  • Бір төсекшеге 4,5 келі жүн саламын. Ұзындығы екі метр, ені 70 см. Жүн сатып аламын. Одан басқа бір төсекшеге төрт метр бөз мата мен метрін 1500 теңгеден сыртқы тысына мата аламын. Тапсырыс берушінің сұранысына орай сыртқы тысын қымбат құрақтан жасап беремін, – дейді кейіпкеріміз.
  • Жасаған төсекше, жамылғы тапсырыс берушінің талабынан шығу үшін ең бастысы жүннің иісін кетіріп, тазалап жуу, қалыңдығын еш кем қылмай жасау ғана. Өзім екі-үш жуумен шектелмеймін. Он рет жуамын десем, асырып айтқаным емес, – дейді шеберіміз.

Шебердің жауапкершілігіне шын сенгендігі болар ауылдасы Сәуле Мұқаева бастаған апайларымыз әрісі он данадан төсекшеге тапсырыс беріпті.

  • Он рет десе, он рет жуатын шығар. Бибінұр біртүрлі тазайын адам. Жасауыммен келген төсекшелерімді жаңартып, жаңасын да жасатып алдым. Көңілімнен шықты, – дейді кейіпкеріміздің тұтынушысы Салтанат Молдашева.

Айтса, айтқандай. Бибінұрдың тазалығы ауласынан кіреберістен басталады. Мұнтаздай. Көлденең жатқан бір қылтанақ жоқ. Үйі де солай. Шыбын тайып жығыларлық.

  • Қуыс үйден құр шықпаңыз! – деп қонажайлылық танытқан Бибінұрдың дастарханы да әп-сәтте дайын болды. Қызыл бауырсағы мен зауза майы да, қаймағы мен талқаны, қайнатылған құрт, тәттілері де құда күткен дастархандай дайын тұр екен. Дәмі тіл үйіреді. Бибінұрдың шебер тігінші ғана емес, мықты аспаз екенін байқамауға әсте болмайды.
  • Бибінұр – берекелі әйел. Жоқтан бар жасайды. Көпбалалы, берекелі отбасынан шыққан қыз ғой. Көргені бар, өмірден түйгені бар. Қанағатшыл жан, – дейді Салтанат құрбысы туралы.
  • Жұмыссыз, әйтеуір тірінің санатында бармын деп отырған адамбыз ғой. Үкіметтен қайтарымсыз грант алдым. Бұл да бір мүмкіндік. Әйтпесе, тігін машинасы, оверлок алып, тәуекел етпес едім. Қаржыны алып, кәсіп бастадым. Қолымнан іс келетініне көзім жетті. Толастамайтын тапсырыс бар деп айта алмаймын. Шыны керек, дәл қазір кәсібімді кеңейтемін деп де еркін құлшына алмаймын. Табысым тікелей ауылдастарымның тапсырысына байланысты ғой. Шүкіршілік. Көрпемізге қарай көсіліп отырған жайымыз бар. Береке барлық, байлықта емес, қанағатта ғой, – деген Бибінұрдың әңгімесінен Салтанаттың сөзінің еш артықтығы жоқ екенін аңғару қиын емес.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ