12.05.2021, 14:47
Қараулар: 99
ӘКЕСІНІҢ АҒАЙЫН-ТУЫСЫН ІЗДЕЙДІ

ӘКЕСІНІҢ АҒАЙЫН-ТУЫСЫН ІЗДЕЙДІ

Қарағанды облысына қарасты Қаражал қаласының тұрғыны Шайхин Тұрар Бейсембайұлы менің ұялы телефон нөмірімді республикалық «Литер» газетіндегі әріптестерімнен алған екен. Осыдан біразырақ күн бұрын маған уатсап желісі арқылы байланысқа шығып, өзінің шаруасын айтты.

…Тұрар бауырымыздың әкесі Шайхин Бейсембай 1931 жылғы наурыз айында Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында жарық дүниеге көрінген екен. Ал ол кісінің нақты қай ауылдық кеңестің аумағында өмір есігін ашқандығын өз басым мына туу туралы куәліктің фотокөшірмесінен анық айыра алмадым. Бізге хабарласқан Тұрардың айтуына қарағанда, әкесі, яғни Бейсембай Шайхин 15-16 жасында сұрапыл соғыс кезінде эшелонмен Қарағанды жағына тыл жұмысына алынып, теміржол саласында жұмыс істеген. Содан күндердің күнінде дәм-тұзы жарасып, сол жақтың қызына үйленіп, алты перзент сүйіп, Қарағанды жағында біржола тұрақтап қалады. 49 жасында дүние салған Бейсембай ағамыздың 1962 жылғы ұлы Тұрар ата-анасының тұңғыш перзенті екен. Тұрардың маған жазуына қарағанда, ол әкесінің туған жерінде, яғни біздің жақта, біздің өңірде мүлдем болмаған кісі.

«Біз жас болдық, әкеден ерте қалдық. Ол кісіден көп нәрсені егжей-тегжейлі сұрап үлгермедік. Бүгінде анамыз да өмірде жоқ. Өзі бар кезде әкеміз руымыз Алшын деп айтып отыратын сияқты еді. Ал әкемнің көзін көре қалған үлкендердің кейбірі, «Әкең менің руым – Тама деп айтушы еді» дейді. Біз мектепте орысша оқып, орысқолдылау болып өстік. Сол себепті руымызды да нақты айта алмаймын. Бүгінде менің жасым алпысқа таянды. Ең болмаса, осы жасымда әкемнің ағайын-туысын тауып, бір қауышсам екен» деп жазыпты маған жолдаған уатсап-хатында Бейсембайдың Тұрары.

Біз өз тарапымыздан аманатқа қиянат жасамайтын ата-баба ғұрпымен мектепте орысша оқыған Тұрар бауырымыздың сөзін біраз «сүргілеп», ойын жинақтап, «Орал өңірі» газетінің қалың оқырманының назарына ұсынып отырмыз. Өзі күні бүгінге дейін атажұртында болып көрмесе де, әке өсиетін жадынан өшірмей, аталас ағайынын іздеген бауырымыздың ұлан-ғайыр қуанышқа кенелуіне сеп болып, осы бір сауапты іске барынша атсалысайық,  әлеумет!