13.05.2021, 12:15
Қараулар: 108
ЖАСТАРДЫҢ ИГІ ІСІ

ЖАСТАРДЫҢ ИГІ ІСІ

Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай аудандық «Нарын жастары» қоғамдық бірлестігі бірнеше мазмұнды шараға ұйытқы болды. «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында  еңбек және тыл ардагері, батыр ана  Бақыт Рахметуллинаның үйіне арнайы  барып,  ауласын күл-қоқыстан арылтып, қолғабыс қылды.   Мереке күні қарияның амандығын біліп, көмектерін аямаған жастарға әжей де ризашылығын білдіріп, батасын берді. Сондай-ақ, жастар ұйымының бастамасымен Отан қорғаушы батырларды, қайсар азаматтардың есімдерін жаппай насихат қылу мақсатында М-С.Бабажанов атындағы тарих пәнінің мұғалімі, экскурсовод Жұмабек Неғметов оқушыларға   М.Мәметова және «Қару аманаты» саябағында орналасқан ескерткіштердің тарихынан сыр шертіп, кеңінен таныстырды. Мерекелік шаралар легі жастардың «Жеңіс лентасын» таратумен жалғасты. Айта кетелік, белсенділер лентаны орталық көше бойында тұрғындардың кеудесіне тағып, құттықтауларын жеткізді.

Нұрай ТАУБАЙ