12.11.2021, 17:12
Қараулар: 23
ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫНЫҢ ИГІЛІГІ КІМДЕР ҮШІН?

ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫНЫҢ ИГІЛІГІ КІМДЕР ҮШІН?

 

Тұрғындарымыздың әл-аухатының көтерілуінің бірден-бір көрінісі  баспаналы болуы. Мемлекетіміз әр тұрғынның баспаналы болуына мүдделі екені түрлі жиындарда, алқалы отырыстарда айтылып та, жазылып та жүр. Ол негізінде алуан түрлі бағдарламалар жұмыс істеп жатқаны да белгілі. Алайда, аудан халқы жас мамандарға ғана арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жіті таныс деуімізге толық негіз бар. Басқасының дені қалалық тұрғындарға жасалған игілік деп ұғынады. Ал, баспана алу үшін екінші деңгейлі банктерге төленетін алғашқы жарнаның 50 пайызын өтейтін тұрғын үй сертификаты туралы білесіз бе? Ендеше, ауданымызда былтырдан бастап қолданысқа енген  бұл жеңілдік туралы кеңірек анықталық. Сонымен…

 

ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ ДЕГЕН НЕ?

Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жасұлан Мұхитовтың берген анықтамасына сай, тұрғын үй сертификаты – ол «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары бойынша ұсынылатын ипотеканың алғашқы жарнасының жартысын төлеу үшін берілетін ақшалай көмек.

 

ОЛ КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?

Осы сертификат берілетін адамдардың тізімін мәслихат бекітеді. Бұл тізімге мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар сынды әлеуметтің әлсіз тобына жататындар енген. Сонымен қатар сұранысқа ие денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және т.б. бюджет саласының қызметкерлері кіреді. Қазіргі таңда ауданымызда тұрғын үй кезегінде 329 адам тұрса, соның 302-сі осы тұрғын үй сертификатын алуына мүмкіндігі бар. Тарқатып айтар болсақ, олар – әлеуметтік осал топқа жататын 119, көпбалалалы отбасы кезегіндегі 35 және мемлекеттік қызметкер мен бюджет саласындағы 148 адам. Бір ескеретін жағдай бұл жеңілдік  заңды тұрғыда отбасы мүшелерінде жеке баспанасы жоқ азаматтарға ғана беріледі. Өйткені «Бақытты отбасы» бағдарламасының мақсаты баспана алу үшін табысы төмен отбасыларға кредит беру болып табылады.  Тек қазіргі таңда мемлекеттік арендалық баспанада тұрып жатқандар бұл жеңілдіктен қағылады. Себебі ол мүлдем баспанасы жоқ санатындағыларға беріледі екен.

 

ҚАНДАЙ ШАРТТАРЫ БАР?

Мұнда да отбасының табысы сарапқа салынады. Яғни, сертификаттан үмітті отбасының соңғы алты айдағы орташа кірісі есепке алынады. Себебі егер отбасының орташа табысы әр мүшесіне шаққанда заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын болған жағдайда ол қайтарымсыз көмек ретінде беріледі.

Айта кетелік, 2021 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңгені құрайды. Ал бұл табыс аталмыш мөлшерден жоғары болған жағдайда тұрғын үй сертификаты бюджеттік несие ретінде ұсына алады екен. Пайыздық мөлшерлемесі өте төмен несиені келісімшарт негізінде 15 жылға дейін өтеуіне болады.

 

СЕРТИФИКАТ СОМАСЫ

–Тұрғын үй сертификаты әр адамға 1 млн теңгеге дейін беріледі. Тек ескеретін жайт, тұрғын сертификатына берілетін қаражат сомасы облыс қазынасынан бөлінеді. Қазіргі таңда біздің ауданға қарастырылған сома 10 миллион теңгенің құрайды. Соның дені игерілмей келеді. Мәселен, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен былтыр екі азаматымыз баспаналы болғанмен, олар тұрғын үй сертификатын алуға ниет білдірмеді. Ал биыл осы жеңілдікке өтініш тастаған азаматымыздың табыс мөлшері белгіленген шектен асып кетіп, аталмыш сертификатты қайтарымсыз көмек емес, бюджеттік несие ретінде беруге ұсыныс тастап едік, бас тартты. Енді жақын арада ханордалық азаматымыздың өтініші тиісті сараптамадан өтті. Соған бірер күнде 400 мың теңгенің көмегін көрсетпекпіз, – дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жасұлан Мұхитов.

Аудан тұрғындары баспананы облыс орталығынан ала алады, тек баспана құны 10 миллион теңгеден аспауы шарт. Яғни, ипотеканы мақұлдаған жағдайда, 10 миллион теңгелік баспананың алғашқы жарнасы бір миллион теңгені құрайды. Осының 50 %-ын өтініш иесі, ал қалған 50%-ын аталмыш сертификат негізінде мемлекет төлемек.

 

ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАРДЫ ҚАЙДА ӨТКІЗУ ҚАЖЕТ?

Алдымен бұл күнде «Отбасы банк» боп өзгерген бұрынғы «Тұрғын үй жинақ банкінде» «Бақытты отбасы» бағдарламасымен келісімшарт жасасасыз және тұрғын үй сертификатын алуға ниетті екеніңізді ескертесіз. Егер банк осы бағдарлама негізінде сізге үй ұсынуға ниеттілігін танытса, сізге аталмыш сертификатты алуға анықтама беріледі. Сонымен сіз анықтаманы алға тартып, жеке куәліктің көшірмесі, соңғы алты айдағы кіріс туралы анықтама, жұмыс орнынан анықтама (әлеуметтік әлсіз топтардан басқа), ипотеканы мақұлдау туралы банктің хаты және өтінішті құжаттар қаптамасына тіркеп аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жолығуларыңызға болады.

Өтініш үш күнде қаралады. Егер сіздің сұранысыңыз мақұлданса, сізге сертификат беру туралы келісім немесе кредиттік келісімшарт жасайды.  Әрі қарай сертификат сомасы сіздің банктік шотыңызға түседі. Ол жерден банк оны ипотеканың алғашқы жарнасына ұстайды. Банкпен ипотекалық келісімшарт жасағаннан кейін сіз ипотекалық келісімшарттың көшірмесін аталмыш бөлімге тапсыруыңыз керек.

Жоғарыда бұл жеңілдік былтырдан бері қолданысқа енгенін айттық. Тек ауданымызда оны ешкім кәдеге жаратпаған екен. Үкіметіміз ұсынған заңды жеңілдікті пайдаланғанның айыбы жоқ, тек заңды белшесінен баспаған абзал.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ