9.04.2021, 11:08
Қараулар: 94
ЕСЕП ТЫҢДАЛЫП, ҰСЫНЫСТАР АЙТЫЛДЫ

ЕСЕП ТЫҢДАЛЫП, ҰСЫНЫСТАР АЙТЫЛДЫ

Аудандық мәслихатының кезекті III сессия отырысы өтті. Сессия күн тәртібінде бірден он бір мәселе қаралды.

Аудандық қаржы және экономика бөлім басшысы Раушан Абдоллина «2021 жылы ауылдық жерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау беру туралы» шешім жобасының түсіндірмесімен таныстырды.

  • Осы мақсатта 2020 жылға бюджеттік кредит 24 маманға жоспарланды. Түсіндіре кетсек, бір маманға 1500 еселік айлық есептік көрсеткіш яғни 4 167000 теңге беріледі. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан бастап 21 маманға 83 млн 076 мың теңге қаражат жұмсалды. Атап айтсақ білім беру саласынан — 13 маман, денсаулық саласынан — 1 маман, агроөнеркәсіптік кешен саласы — 2 маман, мәдениет саласынан-3 маман, әлеуметтік қызмет саласынан — 1 маман, мемлекеттік қызмет саласынан-1 маман өтініштерін беріп, тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алды.

Бір жолғы берілетін көтерме жәрдемақы бойынша жергілікті бюджеттен 2020 жылға 60 маманға 15 млн 772 мың теңге ( бір маманға 100 еселік АЕК, яғни 277 800 теңге) жұмсалды. Күні бүгінге дейін 36 педагог, 8  денсаулық сақшысы, 4 ауылшаруашылық маманы, мәдениет және спорт саласының 11 маманы, 1 әлеуметтік қызметкер өтініш білдіріп, көтерме жәрдемақы алды- деген ақпаратпен бөлім басшысы бөлісті.

Аудандық аурухана басшысы Анарбек Белисанов ауданда туберкулез ауруының ушығып тұрғанын айтты. Скрингтен өту белсенділігінің төмендігі, вакцина алуға құлықсыздық та айтылды.

Аудан әкімінің аппарат басшысы Бисенбек Насимоллин еңбек ардагерлері Ерболат Таңатов, Нәсіп Нұркенова мен ҚР Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, «Жайық үні» ЖШС газетінің директоры-бас редакторы Мира Шүйіншалиеваға «Ауданның құрметті азаматы» атағын беру мәселесін ортаға салды.

Осы жиында пандемия кезінде қайырымдылық танытқан ағаларымызға Алматыдан келген алғысхат тапсырылды. Пандемия өршіген тұста қор ашып, қомақты қаржы салған Иран Дәуленов пен Ермек Меңдешев Нұрсұлтан Назарбаев атындағы қор директоры Д.Назарбаеваның алғысхаттарына ие болды. Осындай қайырымдылық шаралардың жаршысы болған аудан үнжариясы да алғысхаттан қалыс қалмады.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ