29.10.2021, 12:30
Қараулар: 29
ЕҢБЕК ЕЛЕНГЕН КҮН

ЕҢБЕК ЕЛЕНГЕН КҮН

Аудан басшысы Нұрлыбек Даумов әлеуметтік сала қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтеді. Əлеуметтік сала – еліміздегі ең өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда қоғамда болып жат­қан оқиғалардың дені осы əлеуметтік мəселе төңірегінде туындап жататыны шындық.   Бүгін осындай көзге көріне бермес, қиындығы көп жұмысты еңсеріп жүрсіңіздер. Осы еңбегіңіз үшін қандай ма құрметке де лайықсыздар. Мейрамдарыңыз құтты болсын, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, — деп, Бақыт Лұқпанова, Әсемгүл Ибрашева, Гүлжанат Шакирова, Айнұр Нұрғалиева және Медет Әнесовтерге   Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаевның алғысхаттарын табыс етті.

Әлеуметтік салада абыройлы қызмет атқарып жүрген Салтанат Молдашева, Зейнеп Абдолова, Ләззат Насимуллина,  Үмітқаным Қалиевалар аудан басшысы Нұрлыбек Даумовтың алғысхатына ие болды.

Аудандық мемлекеттік қызметкерлер және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподағының төрағасы Тілеген Арыстанбеков кәсіподақ атынан мінсіз қызметімен көзге түскен Нәйла Хасеноваға арнайы сыйлық пен алғысхат табыстады.

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева да әлеуметтік қызметкерлерді мейрамдарымен құттықтады.

–  Әлеуметтік саланың қызметкерлері кембағал, не жалғызілікті жандар, зейнеткерлермен  біте қайнасып өмір сүреді. Олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс жасап, өміріне етене араласады. Əлеуметтік сала қызметкерлері жалғызбасты қарттардың көңілін аулап, барынша қолдау көрсетуде. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қайғысымен бөлісіп, оңалып кетуіне ықпал жасайды. Қазіргі таңда əлеуметтік қызметкер – белгілі бір көмекке мұқтаж адамдарға демеу болар адам ғана емес, ол қоғамның əл-ауқатын жақсартуға бағытталған əлеуметтік саясатты реформалауға қатысушы десек те болады, – деді өз сөзінде.

Шара соңында сөз алған аудандық жұмыспен қамту  және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Шыңғыс Абдоллин:

– Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, күш-жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар, кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер деген тілегімді білдіремін. Арнайы қабылдап, еңбектерімізді елеп отырған аудан әкімдігіне алғыс айтамын, – деді өз сөзінде.

Анар АРТЫҚБАЙ

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ