11.06.2021, 16:23
Қараулар: 51
ҒАЛЫМДАРМЕН КЕЗДЕСІП, АУЫЛ АРАЛАДЫ

ҒАЛЫМДАРМЕН КЕЗДЕСІП, АУЫЛ АРАЛАДЫ

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жұмыс сапарымен Хан ордасы және Т.Масин ауылдық округтеріне барды. Сапар барысында Хан тоғайының санитарлық жағдайын тексеруге кеп жатқан ғалымдар тобымен кездесіп, Қарасу елді мекеніндегі мәдениет үйінің жөнделу барысымен танысты.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті РММ төрағасының міндетін атқарушы Е.Құтпанбаевтың бұйрығымен арнайы комиссия құрылған еді.   «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМКҚ-ның орман патологы М.Байғазақов, «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» РМҚК орман орналастыру партиясының басшысы А.Жәутікбаев, «Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Орман қорғау және күзету бөлімінің басшысы В.Вибе Хан тоғайының топырағы, тал-терегі мен суының үлгілерін жинақтап, зерттеуге алып кететіндіктерін айтты.

Ғалымдардың айтуынша, қарағайлардың жасы жүз жылдан асып кеткен. Негізі қарағайлар 120 жыл жасайды, климатқа тікелей тәуелді өсімдік.

  • Бірақ қарағайлардың құлау себебін нақ басып, дәл қазір айта алмаймыз. 24-29 мамыр аралығында қызметтік тексеріске қажетті материалдар жинақтап алу жоспарланған еді. Басқа да әріптестерімізбен бірге ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеу жүргізіп, нақты қорытындысын беретін боламыз, – деді ғылыми комиссия мүшелері.

Қарасу елді мекеніндегі өртеніп кеткен мәдениет үйін жеке кәсіпкер Қайрат Насимоллин қалпына келтірген. Жөндеу жұмыстарына сегіз миллион теңге жұмсалған. Жұмыс түгел аяқталған. Бұйыртса, пайдалануға берілмек.

Аудан басшысы  Бөрліге барған сапарында шаруа қожалық иелеріне жолығып, қал-жағдайын сұрап, тірліктерімен танысты.
Шетелден асыл тұқымды мал әкеліп, сапаға басымдық берген Руслан Сисенғалиевпен, танымал шаруа адамы Исатай Ғабдуллинмен кездесті.
Жұмысы жүйелі, мақсаты айқын  Мырзабай  Боранбаевтың да шаруа жайымен танысты.
Жылқы шаруашылығымен айналысып, қымыз өндірісін дамытуды ойға алған шаруа қожалық иесі Мырзабай ағамыз:
— Қымыз өндірісіне дамытуға ниет те, жеткілікті шикізат та болғанымен су көзінің тапшылығы қолбайлау боп отырғанын айтады. Өз қаржыма ауыл орталығынан жеті шақырым жерге газ тартып  алып едім, су тартуға шамам жетер емес. Осы су мәселесінің оңтайлы шешілсе, жобам жанданып, кәсібім дамыр еді, – дейді Мырзабай ағамыз.
– Малдың көптігімен көш бастаймыз. Бірақ өнімінің өндіріп, экологиялық таза өнімді өндіруге ниет кем. Бірегей жоба ретінде тиісті мекемелерге жолдап, барынша қолдау көрсетеміз, – деп сендірді аудан басшысы.

Анар АРТЫҚБАЙ