12.05.2021, 16:27
Қараулар: 54
ТАРТЫСТЫ ӨТКЕН ТУРНИР

ТАРТЫСТЫ ӨТКЕН ТУРНИР

 

Аудандық  дене шынықтыру және сауықтыру орталығында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және 1 мамыр  Қазақстан халқы бірлігі күніне орай ерлер және әйелдер арасында үстел теннисінен аудан біріншілігі өтті. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен «Нарын жастары» қоғамдық бірлестігі  ұйымдастырған спорт шарасында 60-тан астам қатысушы командалық және жекелей (түрлі жас категориясы) есеп бойынша сынға түсті.

          Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов пен  ардагер спортшы Жасқайрат Сұлтанғалиев спортшыларға сәттілік тілеп, ізгі лебізін жеткізді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, үстел теннисі әр түрлі жас категориясы және командалық есеп бойынша өткізілді. Жалпы командалық есепте  Н.Ғазезов пен Ж.Темірханованың жұбы үздік атанса, Е.Серіков пен Ж.Хасенова ІІ, С.Темірешев пен Ж.Темірешева ІІІ орынды иеленді. Жекелей айналымдағы 18-40 жас  аралығындағы  әйелдер сайысында Р.Құбайтова қарсыластарын шаң қаптырса, ерлер арасында Н.Ғазезов І орынды талассыз иеленді. Осы турнирде ағайынды Темірешевтердің бағы жанды. 40 және 40 жастан жоғары әйелдер арасында Жанардың жолы болса,  ерлер арасында інісі  Серікке қарсылас шақ келмеді. 50-60 жас аралығындағы сайыста Е.Ахметов топ жарса, 60 жастан жоғары ерлер арасында шапшаңдық пен қырағылығын айқын  байқатқан ардагер  спортшы Ж.Сұлтанғалиев І  орынды жеңіп алды.

          Айта кетелік,  жүлде иегерлері  медальдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.

     Арайлым ЕСМАҒҰЛ