16.04.2021, 12:01
Қараулар: 83
САЙЫПҚЫРАНДАРҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР

САЙЫПҚЫРАНДАРҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР

Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі тәрбиеленушілерінің арасында қазақша күрестен еске алу турнирі ұйымдастырылды. Ол күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына және халықаралық спорт шебері, еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионы, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем кубогының күміс жүлдегері, екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің 70 жылдық мерейтойына арналды. Санитарлық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылған  аталмыш турнирге Сайқынның 32 спортшысы қатысты.

Мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Мерей Бисембаев пен  І санатты жаттықтырушы Тұйғынбек Жұмағазиев жиналғандарды ұлтқа мақтан болған палуандардың өмір жолымен және спорттық жетістіктерімен таныстырды.

Жас палуандар алты салмақ дәрежесінде бақтарын сынады. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, күш пен айла аламанында 28 келіде Альтайр Ерболатовтың, 32 келіде Армат Нариманның, 36 келіде Мержан Ержанның, 46 келіде  Алдияр Даниялдың, 46-дан жоғары салмақта Әсет Ерболатовтың, 50 келіде  Бағдат Героевтың бағы жанып, тұғыр биігіне жайғасты. Турнирге төрелік еткен бас төреші қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер Нұрбек Ғазезов пен оның шәкірті 11 сынып оқушысы Эльдар Сатқанов жүргізді. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер диплом, медальдармен марапатталды.

–Белдесулердің қай-қайсысы да тартысты өтті. Карантин жарияланғалы аса бір жарыстар да ұйымдастырылмады. Сол себептен болса керек, балалар белдесуге зор қызығушылық танытты. Бар білетін айла-тәсілдерді салуға тырысып бақты. Әсіресе, Бағдат Героев пен Нұржігіт Есмахтың арасындағы белдесу көптің көңілінен шықты. Онда түрлі айла да, әдіс те болды. Бірақ Бағдат Героев таза жеңіспен алға суырылып шықты. «Болмасаң да, ұқсап бақ» Абай атамыз айтпақшы, жас палуандарымыз есімдері әлемге танылған аталардың, күрес спортының сайыпқырандарын жолын қуып, биік белестерден көрінеді деп сенеміз, – деді Мерей Бисембаев шәкірттердің дайындығына, жеткен жетістіктеріне ризашылығын білдіріп.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ